ZAMAN: халықаралық мектепте қазақ тілінде оқу сапасы артты

09.06.2025 20:04

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған арнайы сынып сағаттары да қарастырылған

Қазақ тілінде білім беретін халықаралық деңгейдегі мектеп. Алматыдағы ZAMAN білім ордасы – IB бағдарламасы бойынша ресми авторизация алған санаулы оқу орындарының бірі. Мұнда оқушылар тек білім алып қоймай, қазақы құндылықтарды бойына сіңіреді. Ал білім ордасының түлектері Ұлыбританияда, Нидерланды, Италияда білім алып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ZAMAN-дағы әр оқушы – болашақ көшбасшы. Мұндағы оқыту жүйесі шәкірттерге академиялық білім берумен қатар, ұлттық рух пен азаматтық жауапкершілікті тереңінен түсіндіреді. Сондай-ақ оқу ордасы – қазақ тілінде білім беретін IB World School мәртебесіне ие санаулы мектептердің бірі. Бұл – халықаралық стандартқа негізделген жүйе. Орталық басшылығының айтуынша, басты мақсат – оқушылардың еркін ойлауы мен өз бетінше жұмыс істеуіне жағдай жасау.

«IB бағдарламасы – әлемдегі кең тараған жүйенің бірі. Білім саласындағы стандарт үш бағытты қамтиды. Бастауыш мектеп, орта буын, жоғары мектепке арналған дипломдық бағдарлама деп аталады. Оған қоса, карьерамен байланысты оқу жоспары бар. Оқушылар нақты таңдаған мамандық бойынша дайындықтан өтеді», – деді мектеп директоры Тілектес Тілеулина

Сондай-ақ мұнда 1-сыныптан бастап Сингапур методикасымен өтетін математика және ғылым секілді сабақтар бар. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуге арналған арнайы сынып сағаттары да қарастырылған. Ал болашақ мамандықтарын таңдаған оқушыларға практикалық тәжірибе алуына жағдай жасалған.

«Кәдімгі қарапайым сабақтармен қатар, ЭПИ пәндерді оқимыз. Болашақ мамандыққа түскенге мамандандырылған бірнеше пән берілген», – деді оқушы Жәния Сәкен.

«Менің ойымша, мектептің басты ерекшілігі ол – ғимарат, екіншіден – IB бағдарламасы, үшіншісі – мұғалімдердің білім беру сапасы», – деді оқушы Әділ Саданов.

«Маған сынып ұнайды. Асханада тағамдар дәмді. Апайларды жақсы көрем», – деді оқушы Әлиасқар Жанабаев.

Мектеп атауын айтқанда «элиталық» деген тіркес қатар жүреді. Себебі білім ордасының негізін қалаушылар бұл ұғымды Алаш ағартушыларымен байланыстырады.

ZAMAN мектебі – тек білім ордасы емес, ұлттық рухты ұлықтап, болашаққа жол сілтейтін зияткерлік кеңістік алаңы.

Олжас Омарбек, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Алматы оқушылары жазғы демалыста сауықтыру шараларымен және түрлі үйірмелермен қамтылған