Жамбыл облысында өткел құрылысы неге тоқтап қалды

18.02.2026 20:51

Салдарынан жұрт ескі көпірден өте алмай кептелісте тұруға мәжбүр

Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданында құны 1 млрд теңгеге жуық қаржыға салынып жатқан өткел құрылысы тоқтап қалды. Қаражаты қаралып, мердігері анықталған жобаның жұмысы аяқсыз қалған. Қағылған қазық пен құрылыс материалдары сол қалпы тұр. Салдарынан жұрт ескі көпірден өте алмай кептелісте тұруға мәжбүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Жуалы ауданының әкімдігі 6 ай бұрын бұқарадан сүйінші сұрап, өткел құрылысы басталғанын жариялаған. Сол кезде 100 жыл қордаланған мәселенің биыл шешілетіні айтылған. Алайда соңғы 2 айдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Оған қоса жөндеудің өзі жобада көрсетілген мерзімнен 5 ай кешігіп басталған. Содан 3 ай жұмыс жүрген. Бірақ қазір құрылыс алаңында техника түгіл жан баласы көрінбейді.

«Неше жылдан бері сол көпір салынады деп айтады. Бірақ салынып жатқан көпірді көрген жоқпыз. Оңай емес. Су өтеді, қара халыққа қиын болады, кептелісте сағаттап тұрады», - деді Жуалы ауданының тұрғыны Гүлнәр Әбдірайымова

Теміржол астынан салынып жатқан жаңа өткел 4 айдан соң қолданысқа берілуі тиіс. Бірақ ауыл жұрты бұған сенбейді. Айтуларынша өткелдің жайы күннен күнге қауіп төндіріп барады. Іргетасы мүжіліп, бетон бөліктеріне сызат түскен. Ауыл арасын қосып тұрған өткелден күніне мыңнан аса көлік қатынайды

«Қолайлы емес, бәрі бұзылып жатыр. Ескірген, жөндеу керек»,  - деді Жуалы ауданының тұрғыны Самат Жайлаубекұлы

Ал Жуалы ауданының әкімдігі құрылыстың тоқтауын күн райынан көріп отыр. Аймақта қалың қар жауғандықтан, жұмысты 2 айға тоқтатып қойған. Жауаптылар шаруаның тоқтағанына қарамастан, 676 млн теңгенің жұмысы жасалғанын айтты. 

«Негізгі жолдың құрылысына кірісіп кететіндей мүмкіндігіміз жоқ. Қар еріп жатыр. Наурыз айынан бастап жұмысты бастаймыз. Қыркүйек айына дейін жұмыс аяқталады деп жоспарлап отырмыз», - деді Жуалы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Руслан Айтбаев .

Жауаптылар жаңа өткелдің 87 жерасты діңгегі орнатылғанын айтып отыр. Күн жылынса құрылыс қайта жанданбақ.

Нұрғиса Қаржаубай Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан