Іске қатысты қылмыстық іс қозғалған
Жамбыл облысында 12 оқушы астан уланды. Оқиға Байзақ ауданындағы Мырзатай ауылында болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аудандық орталық аурухананың мәліметінше, оқушылар таңертең мектептің қарсы бетіндегі жеке дүкеннен жылдам дайындалатын тағамдарды сатып алып жеген. Арада 1–2 сағат өткен соң балаларда жүрек айну, құсу, бас ауруы және әлсіздік сияқты улану белгілері байқалған. Оқушылар сабақ үстінде өзін нашар сезінген соң, жедел жәрдем оларды тікелей мектептен ауруханаға жеткізген. Тексерістен кейін балалар инфекциялық бөлімшеге жатқызылып, кейін үйде ем алуға шығарылыпты. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
«12 оқушы үйінде, жағдайы тұрақты. Науқастарға тиісті ем шаралары көрсетілді. Жарты сағат сайын олардан мәлімет алып отырмыз. Балалар дін аман. Үш күннен кейін сабаққа қайта шығады», – деді Байзақ аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Сейдаханов.
Ал облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары зертханалық сараптама жүргізген. Олардың айтуынша, оқушылар тағамдық токсикалық инфекцияға шалдыққан. Бұл – бұзылған астан келетін ауру. Қазір бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Заң аясында тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл ретте іс әрекетте қылмыстық іс бар жоғын анықтау үшін біздің тараптан полиция бөліміне хат жолданды. Қазіргі уақытта лабороториялық зерттеулерді жүргіздік. Санитариялық эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп жатыр. ҚР заң талабына сай жедел ден қою шараларын да қабылдап жатырмыз», – деді облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева.
Оқи отырыңыз: Алматыдағы қуыршақ театрында «Менің атым – Қожа» қойылымының премьерасы өтеді