Ал жергілікті билік өкілдері аумақта әзірге қайғылы жағдайдың тіркелмегенін айтты
Тараз қаласының маңында орналасқан Бұрыл ауылындағы ағысы қатты арналар балалар өміріне қауіп төндіріп тұр. Тұрғындар қайғылы жағдайдың алдын алуды талап етсе, жауаптылар қазынадан қаржы бөлінуін күтіп отырғанын алға тарттты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жамбыл облысындағы Бұрыл ауылында ағысы қатты, жағасы тік Өтеміс пен Сеңкібай арналарының қаупі жыл сайын артып келеді. Мұндағы халық саны 3 мыңнан асып, жаңа үйлер канал бойына жақындай түскен. Оған қоса, оқушылар мектепке бару үшін арна үстінен өтуге мәжбүр. Тіпті балалардың суға түсіп кеткен қауіпті оқиғалары да бірнеше рет орын алған.
«Балалар суға түсіп кете ме деп қорқамыз. Бір бала ағып кетіп, Құмжота жақтан ұстап, аман-есен шығарып алған. Егер темір тормен немесе басқадай тәсілмен қоршап берсе, балалардың түсіп кетуіне тосқауыл болар еді», – деді Бұрыл ауылының тұрғыны Ержан Сарынбек.
Тұрғындардың сөзінше, былтыр канал жағасы бетондалып, бірнеше шлюз орнатылған, алайда жолаушылар қауіпсіздік қоршауын ұмыт қалдырған. Мәселенің өзектілігін депутаттар да бірнеше рет көтергенімен, әзірге нақты нәтиже жоқ.
«2023 жылдан бері 4 депутаттық сауал жазылған. Өкінішке қарай, нақты жауап әлі келген жоқ. Дегенмен өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, тиісті мекемелерге өтініш жолдау арқылы мәселені басты назарда ұстаймыз», – деді Тараз қалалық мәслихатының депутаты Талғат Дүйсенов.
Ал жергілікті билік өкілдері аумақта әзірге қайғылы жағдайдың тіркелмегенін және өткелдердің қауіпсіз екенін айтады. Ал қоршау мәселесі алдағы жоспарда бар көрінеді.
«Қазсушар» мекемесіне арнайы өтініш жаздық. Ақсақалдармен бірге барып шықтық, олар жобаны жүзеге асыратындарын жеткізді. Канал бойын бір жарым метрге дейін қоршап беру туралы ұсынысы бар. Сондай-ақ 320 миллион теңгеге жоба жасалғаны жөнінде арнайы жазба да бар», – деді Бұрыл ауылының әкімі Ерлан Әшірбеков.
Өз кезегінде «Қазсушар» мекемесінің өкілдері республикалық қазынадан қаржы бөлінуін күтіп отырғандарын жеткізді. Егер сұраныс мақұлданса, келер жылы қоршау жұмыстары жүргізілмек.
Таразда су арналарын бекіту мен қоршау мәселесі өте өзекті. Себебі елдімекен арқылы өтетін 9 каналдың бір де біреуі толық қоршалмаған.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысы
Оқи отырыңыз: Астанада пневмониямен 192 бала ауруханада ем алып жатыр