Жамбыл облысында ауыл балалары ескі үйде білім алуға мәжбүр

68 жыл бұрын салынған ғимараттың тоз-тозы шығып, шатыры тесіліп, кейде су ағады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысында ауыл балалары тозығы жеткен ескі үйде білім алуға мәжбүр. Жылыбұлақ ауылының оқушылары 4 бөлмелі үйде оқып, ауласында дене шынықтыру сабағына қатысады. Ал үлкен сынып оқушылары 7 шақырым жердегі көрші ауылға қатынауға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жамбыл ауданы Жылыбұлақ ауылындағы орта мектеп бұрын жеке үй болған. 20 жыл бұрын мектеп ретінде ашылыпты. Қазір мұнда бастауыш сыныптың 30 оқушысы оқиды. 15 қызметкері тағы бар. Жоғары сынып оқушылары сыймаған соң, көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр.

«Мүмкіндік жоқ болғандықтан, ата-аналар балаларын алып кетеді, оқытқысы келмейді.  Ауылда тұрған соң, осы жерде оқытамыз. Амал жоқ.  Балаларға обал ғой. Бөлмелер тар. От жағатын бөлмеде оқиды», – деді Жылыбұлақ ауылының тұрғыны Мақпал Телқожаева.

68 жыл бұрын салынған ғимараттың тоз-тозы шыққан. Шатыры тесіліп, кейде су ағады. Қабырғаларында жарықша пайда болған. Жылытуға арналған пеші кабинет ішінде. Балалар есік алдын футбол алаңына айналдырған.

«Мектептің күйі нашар, құлайын деп тұр. Бізге бір жаңа мектеп болса, ауданға айтып жатырмыз. Оқушы аз дейді, мектеп болса, бала саны да артар еді», – деді Жылыбұлақ ауылының тұрғыны Серікбай Саятбаев

Ал аудан билігі шағын ауылға үлкен мектеп мүлде салынбайтынын айтты. Дегенмен 50 орынға шақталған шағын білім ордасын салуды жоспарлапты. Оның жобалық сметалық құжаттамасын да әзірлеген. Тек республикадан 1 миллиард теңге бөлінуін күтіп отыр.

 «Асханасы, спорт залы бар, барлық жағдайы жасалған заманауибастауыш мектеп салу жоспарлануда. Жоғары сыныптар Қошмамбетов мектебіне тасымалдаймыз», – деді Жуалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева.

Жауаптылар құрылысқа 1.3 гектар жерді де дайындап қойған. Қаржы бөлінсе, құрылысын келер жылы бастамақ.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан

Оқи отырыңыз: Азаматымның құны 19 мың теңге емес еді: күйеуі жол оқиғасынан қайтыс болған келіншек әділдік іздейді

Новости партнеров