Білім ошағында 380 оқушы оқиды
Жамбыл облысында ауыл балалары тозған мектеп қабырғасында білім алуға мәжбүр. Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көкдөнен ауылындағы ағарту ошағының шатырынан су сорғалап тұр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Көкдөнен ауылындағы мектептің салынғанына жарты ғасырдан асты. Салдарынан білім ұясының шатыры шұрық тесік. Толықтай тозып кеткен. Төбеден аққан су қабырғаларға тиіп, сыз тартқан. Шіріген еденін мектеп әкімшілігі жамап отыр.
«Астыңғы қабаттағы едені шіріген. АЖП шіріп, оқушылардың аяғы түсіп кете ме деген қауіп бар. Робототехника берілген жоқ, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана жетіспейді», – деді мектеп директоры Айгүл Қасеналиева.
«Оқушылар да қиналады, мұғалімдер де қиналады. Бұл жерде ешқандай асханаға арналған құрал-жабдық жоқ, 2 газ және электр плиткасын пайдаланады», – деді Көкдөнен ауылының тұрғыны Нұрлан Нұрманов.
Білім ошағында 380 оқушы оқиды. Мәжіліс пен спорт залы талапқа сай емес. Асханасы да бөлек ғимаратта орналасқан. Жалпы ағарту ошағы соңғы рет 23 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Алайда жер сілкінісінен соң қабырғалары жарылған. Сондықтан ауылдықтар жаңа мектеп салуды немесе ескісін күрделі жөндеуді сұрап отыр. Ал білім бөліміндегілер жөндеу жобасын 3 жыл бұрын дайындаған. Оған 371 млн теңге сұратқан. Алайда әлі күнге қаржы бөлінбепті.
«Күрделі жөндеу жүргізілетін болса, мектептің де материалдық-техникалық базасы бірге жаңартылады. Шатыры, есік-терезелері ауысады», – деді Т.Рысқұлов аудандық білім бөлімі басшысының м. а. Бауыржан Самылтыров
Жауаптылар білім ұясын қайтсе де биыл жөндеуді көздеп отыр. Себебі сметалық құжаттың мерзімі 3 жылға ғана жарамды. Жаңғырту жұмысы биылдан қалса, миллиондаған қаржыға қайта жоба жасауға тура келеді.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай
Оқи отырыңыз: Атырауда бірнеше рет қалта ұрлығын жасаған күдікті қолға түсті