Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласының студенттері арасында халықаралық агрофестиваль өтті
Агрофестивальге еліміздің 10 облысы мен 4 елден студенттер қатысты
Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласының студенттері арасында ерекше сайыс өтті. Агрофестивальге еліміздің 10 облысы мен 4 елден студенттер қатысты. Басты мақсат – болашақ ауыл шаруашылығы мамандарының шеберлігін шыңдау, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауыл шаруашылық мамандарының халықаралық жарысы Меркі колледжінің базасында өтті. Оған еліміздегі алдыңғы қатарлы оқу орындарынан іріктелген 20-ға жуық студент қатысты. Сондай-ақ сайысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстаннан студенттер келген. Олар алдымен егістікте 1 шақырым жерді түзу әрі таза жырту бойынша сынға түсті. Талап бойынша соқа тісі 30 см тереңдікке түсуі керек.
«Ауыл шаруашылығын әр елде көбейтуіміз керек. Мықты-мықты мамандар болса, дамиды. Байқауға Ташкенттен келіп тұрмыз.Барлығы әділ өтіп жатыр», – деді жарысқа қатысушы Фахретдин Қамаладинов (Өзбекстан).
Қатысушылар МТЗ тракторы мен комбайнды оталдыру, қозғалту шеберлігі бойынша бағаланды. Халықаралық байқау шөп баулау, соқа салу, техника агрегаттарын ағыту секілді бес бағытты қамтыды.
«Жан-жақтан келгеннен кейін білімгерлер бірінен бірі үйренеді. Балалар қолмен ұстап өз тәжірибесін нақты көрсетеді. Ұстаздарға, халыққа көрсетіп,кәсібін дамытып, қызметке орналасуға жол ашылады», – деді колледжі директорының орынбасары Бейсен Дәуренбай.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау агро саласындағы жастардың тәжірибе алаңына айналып келе жатыр. Енді егіс басындағы ерекше сайысты шетелдіктер өз елдерінде өткізуге ниетті.
Айта кетейік, аймақта 42-і орта оқу орны бар десек, оның 12-сі агро саланың мамандарын даярлайды.
Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Мүлік иелері бірлестіктері корпоративтік табыс салығынан босатыла ма