Жамбыл облысында интернет алаяқтық екі есеге өскен

18.11.2025 08:52

Жамбыл облысында интернет алаяқтыққа қатысты күдік туындаса дереу 99-66-07 телефон нөміріне хабарласу қажет

Depositphotos

Жамбыл облысында былтырғы жылдың 10 айында 213 киберқылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 644-ке жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлері онлайн-алаяқтармен байланысы бар 2 242 күдікті банк шоттарын бұғаттағанын хабарлады.

Жамбыл облысында интернет алаяқтыққа қатысты күдік туындаса дереу 99-66-07 телефон нөміріне хабарласу қажет.

Соңғы жылдары интернет алаяқтық мәселесінің өзекті болғаны сонша, қаңтар айында аймақта киберқылмыспен күрес басқармасы құрылды. Басқарма басшысы Уәлихан Ағыбаев қылмыс санының екі есе өскенін хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, Жамбыл облысында алаяқтар көбінесе өзін банк немесе құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырады. Қазіргі таңда 156 адам осы схема арқылы алаяқтықтардың құрбаны болған. Өздерін техникалық бұйымдар дүкенінің қызметкері ретінде таныстырып немесе Instagram жарнамасы арқылы жұмысқа орналасуды ұсынған алаяқтарға қатысты 184 жағдай тіркелді. Сонымен қатар 119 тұрғын жеке мәліметтерін алаяққа беріп, олардың атына онлайн несие рәсімделген.

"Дропер (ұрланған ақшаны алуға көмектескен адам) ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 5-бөлігі бойынша сыбайлас ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жәбірленушілер оларға келтірілген шығынды өндіру туралы талап қоюға құқылы", — деп атап өтті Уәлихан Ағыбаев.

2025 жылдың 16 қыркүйегінен бастап ҚР Қылмыстық кодексіне жаңа 232-1-бап енгізілді. Ол банк шотына, төлем немесе сәйкестендіру құралдарын заңсыз ұсынғаны, аударғаны немесе оларға қол жеткізгені үшін, сондай-ақ заңсыз төлемдер мен аударымдар үшін жауапкершілікті көздейді. Жаңа бап бойынша қылмыстың ауырлығына қарай мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полицейлердің түсіндіруінше, құқық бұзушылықты алғаш рет жасаған және ол туралы өз еркімен хабарлаған, сондай-ақ оны ашуға немесе жолын кесуге белсенді түрде көмектескен адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Бірақ қылмыстың басқа белгілері болмауы қажет.

Тәртіп сақшылары алаяқтарға қатысты қарапайым қауіпсіздік ережелерін тағы да еске салды.

"Банк картасының нөмірі немесе CVV коды сияқты құпия ақпаратты ешкіммен бөліспеңіз. Дауыс беруді ұсынатын сияқты күдікті сілтемелерді ашпаңыз. Егер сізге «жылдам ақша» немесе «үлкен ұтыс» ұсынылса, күмәндану қажет. Себебі бұл алаяқтардың айласы", — деп қосты Уәлихан Ағыбаев.

Қазір аймақта CyberShekteuTaraz Telegram боты жұмыс істейді. Қазірдің өзінде онда алаяқтыққа қатысты 500-ге жуық хабарлама жарияланған. Тұрғындар ботты қауіпті сілтемелер, алаяқтардың телефон нөмірлері және әлеуметтік желілер мен базардағы жалған жарнамалар туралы хабарлау үшін пайдалана алады.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді заңсыз жинағандар ұсталды