Жамбыл облысында облыста көші-қон заңнамасын бұзған 254 шетелдік анықталды
Өңірде заңсыз жүрген 88 шетел азаматы елден шығарылды
Халықаралық іздеуде жүрген 5 қылмыскер Жамбыл облысынан табылды. Оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сонымен қатар өңірде заңсыз жүрген 88 шетел азаматы елден шығарылды. Бұл – 4 күндік рейд жұмыстарының нәтижесі. Жалпы облыста көші-қон заңнамасын бұзған 254 шетелдік анықталды. Көбі Қазақстанға табыс табу үшін келген. Кейбірі шекараны заңсыз кесіп өтсе, енді бірі құжатсыз жүрген.
Елімізде еңбек етуге рұқсат алмағандары да бар арасында. Заң бұзғандардың басым бөлігі – Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары. Олар құрылыс нысандары, базарлар мен наубайханаларда еңбек еткен. Сондай-ақ шетелдіктерді жұмысқа заңсыз тартқан 57 жұмыс беруші де жауапқа тартылды.
«ҚР 5 азаматы шетел азаматтарын заңсыз жұмысқа тартқан. ҚР әкімшілік кодексінің 519-бабының бірінші тармағы бойынша айыппұл салынады. Ол жеке адамға 10 АЕК, заңды тұлғаға 100 АЕК болып есептеледі», – деді Тараз қалалық көші-қон қызметі бөлімінің бастығы Ербол Қойшыманов.
Оқи отырыңыз: Астанадағы жол апаты: Көлігі бұзылған жүргізуші оқиға орнында көз жұмды