Жамбыл облысында WhatsApp арқылы жұмыс істеген қаржы пирамидасы анықталды

22.05.2026 11:58

ҚМА қазақстандықтарды күмәнді қаржы ұйымдарынан сақ болуға шақырды

Қаржылық мониторинг агенттігі

Қаржылық мониторинг агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті «ENVIDA AI» қаржы пирамидасын құру және оған жетекшілік ету фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізуде, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Тергеу амалдарына сай, жоба ұйымдастырушылары WhatsApp мессенджері арқылы «Еnvida ai ежедневный пассивный доход» және «Еnvida ai супер новый проект ежедневный пассивный доход» атауымен топтар құрып, азаматтарды тұрақты жоғары табысқа уәде беру арқылы тартқан.

"Жобаның маркетингтік моделі көпдеңгейлі жүйеге құрылған. Негізгі табыс жаңа салымшыларды тарту есебінен қалыптасып отырған. Жоба өзін нақты активтерге инвестиция салатын халықаралық экожүйе ретінде таныстырған", - делінген ҚМА хабарламасында.

Нәтижесінде қаржы пирамидасына 370-тен астам салымшы тартылған. Қатысушылар географиясы еліміздің алты өңірін қамтиды: Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстары және Алматы қаласы. Тергеп-тексеру жалғасуда.

Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.

Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосулы. Егер Сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз. Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз.

Оқи отырыңыз: Қазақстан тректегі велоспорттан халықаралық жарыста екі жүлде жеңіп алды