Балалардың улануына қатысты іс бойынша тексеру аяқталды
Жамбыл облысында 22 баланың жаппай астан улануына стафилококкты энтерит себеп болған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Санитариялық-эпидемиологиялық тексеру қорытындысына сәйкес, инфекция балалар тұтынған сүт пен айраннан табылған.
Тергеу барысында демалыс орнында санитариялық талаптардың өрескел бұзылғаны белгілі болды.
Нақтырақ айтсақ, қызметкерлер міндетті медициналық тексеруден өтпеген, азық-түлік сақтау ережелері сақталмаған және бірқатар өнімнің сапасын растайтын құжаттар болмаған.
Сондай-ақ тағам әзірлеу технологиясы сақталмаған. Аталған заңбұзушылықтарға байланысты нысанның қызметіне тыйым салынып, 10 қызметкер жұмыстан шеттетілді.
Айта кетейік, оқиға осыдан бес ай бұрын Меркі ауданындағы «Тұран» демалыс орталығында болған еді. Қызылорда облысынан спорттық оқу-жаттығу жиынына келген балалар жаппай уланып, ауруханаға жеткізілген.
«Соттың шешімімен жеке кәсіпкерге 300 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар анықталған басқа да кемшіліктер бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігіне сәйкес жеке кәсіпкерге тағы 500 мың теңге айыппұл салынды. Қазіргі уақытта нысан жұмысын жалғастырып жатыр. Анықталған кемшіліктер жойылып, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынды», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева.
Оқи отырыңыз: Алматы хайуанаттар бағына жарты жылда жарты миллионнан астам адам барған