Аталған дерек бойынша әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады
ҚР Қарулы Күштерінің басшылығы Жамбыл облысында қаруды пайдалану кезінде алған оқ жарақат салдарынан қаза тапқан әскери қызметшінің өліміне қатысты ресми түсіндірме берді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
"Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі мен Қарулы Күштерінің басшылығы Жамбыл облысында қаруды пайдалану кезінде алған оқ жарақат салдарынан қаза тапқан әскери қызметшінің туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Марқұмның отбасына барлық қажетті көмек пен жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оның барысында болған оқиғаның барлық себептері мен мән-жайлары анықталады.
Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайларын объективті және жан-жақты анықтау мақсатында оқиға орнына Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың басшылығымен комиссия жіберілді. Жағдай Министрдің жеке бақылауында", - деп мәлімдеді ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Мереке Көшекбаев.
Оқи отырыңыз: Өскемендегі әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз қаза тапты