Заң бұзғандар туралы полицияға хабарлаған азаматтар марапатталауы мүмкін

ІІМ «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасына әкімшілік бақылауда ұстау туралы норма енгізуді ұсынып отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Педофилдер өмір бойы полицияның бақылауында болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заң жобасына әкімшілік бақылауда ұстау туралы норма енгізуді ұсынып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ведомство вице-министрі Игорь Лепеханың айтуынша, қолданыстағы құжатқа сай жазасын өтеп шыққан қылмыскер тек 8 жыл ғана бақылауда болады екен. Енді сол мерзімді шексіз кезеңге дейін ұзарту мәселесі депутаттармен бірге пысықталып жатыр.

«Бақылау дегенге белгілі бір шектеулер кіруі мүмкін. Мысалы, мектепке немесе балабақша маңына жақындауға, кешке қарай үйінен шығуға тыйым салуға болады. Ондай шектеуді сот белгілейді. Сот шешімін бұзса, шара қолданамыз. Қазір мұндай шаралар 8 жыл көлемінде ғана қолданылады. Мерзімін әлдеқайда ұзартқымыз келеді», – деді ҚР ІІМ орынбасары Игорь Лепеха.

Сондай-ақ заң бұзғандар туралы полицияға хабарлаған азаматтар марапатталауы мүмкін. Ішкі істер министрлігі құжатқа осындай норма енгізу туралы ұсыныс білдірді. Игорь Лепеханың айтуынша, бұл бастама әкімдіктердің жұмысын белсенді ете түсу үшін жасалып отыр. Сәйкесінше сый-сыяпатты тағайындайтын да жергілікті атқарушы билік болады.

«Әкімдік мәслихат талқылауына шығарып, солардың келісімі бойынша шешім қабылдайды. «Біздің ауданда заңсыз қоқыс төгетіндер көбейіп кетті. Солардың әрекетін хабарлағандарды сыйақы немесе автобуспен тегін жүру сияқты шарамен ынталандырайық» деп ұсыныс тастай алады. Неге солай етпеске? Жүйелі түрде емес, бір реттік шара болуы керек. Бірақ заң жобасы бірінші рет талқыланып жатыр. Сондықтан бұл бап міндетті түрде заңға енеді деп айта алмаймын», – деді Игорь Лепеха.

Оқи отырыңыз: Елімізде балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтіледі

Новости партнеров