Заң талаптарын бұзған мемлекеттік қызметкерлер айыппұл төледі
Деректерді анықтап, қызмет сапасын бағалау үшін 30-дан астам тексеріс жүргізілді
Қостанай облысында заң талаптарын бұзған мемлекеттік қызметкерлер 3 миллион теңгеден астам айыппұл арқалады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тоғыз айда 43 мыңға жуық заңбұзушылық тіркелген. Деректерді анықтап, қызмет сапасын бағалау үшін 30-дан астам тексеріс жүргізіліп, 260-қа жуық мониторинг жасалған. Өрескел заң бұзушылықтардың бірі азаматтардан заңда көрсетілмеген топографиялық құжаттарды талап ету фактісіне қатысты анықталған. Тексеруден соң тұрғындардың құжаттары реттеліп, меншігі қайтарылды.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде 600-ге жуық азамат пен ұйымның құқығы қорғалып, құжаттары мен меншігі қалпына келтірілді. Әкімшілік айыппұл көлемі 3 миллион теңгеден асты. Бұған қоса, 40-тан астам қызметкер тәртіптік жазаға тартылды», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті басқармасының бас маманы Аяна Дандыбаева.
Оқи отырыңыз: Мүлік иелері бірлестіктері корпоративтік табыс салығынан босатыла ма