Заң және тәртіп: көліктегі қауіпсіздік күшейтілді

29.01.2026 13:55

Былтыр елімізде көлікте атыс және суық қаруды заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдаудың 213 дерегі тіркелген

Былтыр елімізде көлікте атыс және суық қаруды заңсыз сақтау, алып жүру және тасымалдаудың 213 дерегі тіркелген. Бұл туралы Алматы вокзалында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізген көліктегі полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Заң және тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында ұйымдастырылған іс-шараның мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алып, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Айта кетейік, бұл шаруа Көліктегі полиция департаменті мен Көлік прокуратурасының бірлесуімен атқарылды.

 «Теміржол өткелдерінен белгіленбеген жерлерден өту жағдайы да жиі анықталады. Бұл азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. 2025 жылы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 559-бабы 5-тармағына сәйкес 46 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркелсе, биыл жыл басынан бері 3 мыңнан астам дерек анықталған», – деді Алматы-1 стансасы Көліктегі полиция басқармасы бөлім бастығының орынбасары Руслан Шәрібаев.

Сондай-ақ іс-шара барысында жалған терроризм фактілерінің алдын алуға ерекше көңіл бөлінген. Құзырлы орган өкілдері «әзіл» ретінде таратылған жалған хабарламалар да қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды. Түсіндірме жұмыстары аясында халықты кеңінен ақпараттандыру мақсатында негізгі құқықтық нормалар жазылған парақшалар таратылды.

Оқи отырыңыз: Нұрайдың өлімі: ІІМ басшылығы видео таратқан экс-полицей жазаланатынын айтты