Заң және тәртіп: Алматыда тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жыл қарсаңында тәртіп сақшыларының күшейтілген режимде жұмыс істейтіні белгілі. Қылмыс пен заңбұзушылық мерекені елемейді. Бұл күндері қала көшелерінде қарбалас күшейіп, адам нөпірі артып, концерттік іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Полиция осындай абыр-сабыр кезінде түрлі оқыс жағдайлардың жиілей түсетінін ескертеді. Тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз етіп, жаңа жылды алаңсыз қарсы алуы үшін қандай шаралар қолға алынған? Осы және өзге сұрақтарға «Алматы» телеарнасының студия қонағы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек жауап береді.

– Алдағы демалыс күндері қоғамдық тәртіпті сақтауға қанша тәртіп сақшысы жұмылады?

"Алматы полициясы қызметтің күшейтілген нұсқасына көшті. Жаңа жылдық мерекелеу қарсаңында полиция тәулік бойы адамдардың көп шоғырланатын, мерекелік шаралар өтетін, қоғамдық орындарда жұмысын күшейтті. Қандай да бір оқыс оқиға, қылмыстық әрекеттердің алдын алу үшін профилактикалық тұрғыда кешенді шаралар жүргізілуде. Қазіргі таңда 2500-3000-нан аса полиция қызметкері тәулік бойы қаламыздағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде. Сонымен қатар ұлттық ұланның 300 сарбазы қоғамдық тәртіпті күшейтуге жұмылдырылды".

– Қала тұрғындары мен қонақтарына мереке күндері қауіпсіздікті сақтау үшін қандай кеңес бересіз?

"Бірінші кезекте адамдар сақтық шараларын сақтаған жөн. Өйткені қылмыстылық элементтері де мереке қарсаңында үдей түседі. Қоғамдық орындарда, көліктерде ұрлық деректері тіркеліп жатады. Сондықтан адам көп жиналатын жерлерде бағалы заттарды көрінетін жерге қоймай, сақ болған жөн.  Қандай да бір жағдайға душар болса, дереу 102 пультіне хабарласу керек. Сонымен қатар әр адам өзінің жеке жауапкершілігін сезінуі тиіс. Өйткені біз –қоғамның мүшесіміз. Осы қоғамның дұрыс, қарқынды дамуына барлығымыз үлесімізді, септігімді тигізуіміз керек. Сондықтан заңға міндетті түрде бағыну керек. «Заң мен тәртіп» қағидатын ескере отырып, үйде өсіп келе жатқан ұл-қызына дұрыс тәрбие беруі керек".

Оқи отырыңыз: Жаңа жыл мерекесінде қанша күн демалыс беріледі

Новости партнеров