Жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын символы - Мемлекет басшысы

17.03.2026 14:59
Almaty.tv

"Шын мәнінде, Халық Конституциясын әзірлеу мен қабылдау жалпыұлттық бірліктің салтанат құрғанын, жаңғыру стратегиясы мен реформалар жаппай қолдау тапқанын аңғартады". Бұл туралы Мемлекет басшысы Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

"Әрине, бұл құжаттың тарихи маңызына, қазіргі қоғам мен келер ұрпақ баға береді. Ал бізге мемлекеттілік жылнамасын жазу миссиясы жүктелді. Бұл – абыройлы әрі жауапты миссия. Сонымен бірге азаматтық ой-пікірің арқылы туған Отаныңның даму бағдарын белгілеуге берілген сирек мүмкіндіктердің бірі, тағдырдың сыйы. Сондықтан бәріміз тарихи әрі ұлы бетбұрыстың бел ортасынан табылып, тағдыршешті сәтке куә болдық деп сеніммен айта аламыз. Референдумға қатысып, азаматтық жауапкершілік пен отаншылдық танытқан баршаңызға алғыс айтамын. Әсіресе, жастарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Жас буын ел жылнамасына есімдерін алтын әріппен жазып, Ата заң авторларының біріне айналды. Қазақстанның бүгіні мен келешегі жастардың қолында. Бұл – ешқандай ұран емес, қарапайым өмір заңы, мемлекеттік саясатымыздың өзегі. 
Референдумның табысты өтуіне орай менің атыма достас мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтаулар келіп түсіп жатыр. Орайлы сәтті пайдалана отырып, халқымызға қолдау көрсетіп, тілектестіктерін жеткізген әріптестеріме ризашылық білдіремін", - Презиеднт.

Мемлекет басшысы халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім екенін айтты.

"Халық Конституциясы – стратегиялық сенім мандаты және ұзақмерзімді мақсаттар мен өрлеу жолына бастайтын жаңа қоғамдық келісім. Сондықтан еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты деп сеніммен айтуға болады. Соған сәйкес, мемлекет пен азаматтардың ықпалдастығы қайта жаңғыруы қажет. Өздеріңізге мәлім, былтыр қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарға рақымшылық жасалды. Енді азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тағы да рақымшылық жариялауға болады. Елімізде әкімшілік істер бойынша рақымшылық алғаш рет жасалатынын атап өткім келеді. Парламент қазіргі сессияның соңына дейін тиісті заң қабылдауы керек. Бұл – Негізгі заңдағы адамгершілік идеалдары мен прогрессивті құндылықтарды қоғамда орнықтыратын маңызды қадам", - деді Мемлекет басшысы. 
 

Президент жаңа Конституция – халқымыздың ынтымақ-бірлігінің жарқын символы екенін атап өтті.

"Оның баптарында әрбір қазақстандықтың арманы мен аңсары, ұрпағының баянды болашағына деген үміті мен сенімі көрініс тапқан. Ата заң барша азаматтың – Отанымыздың шынайы патриоттарының басты бағдарына айналады. Қазақстанның жаңа Конституциясы – әлемдік өркениеттің биігіне бет алған ұлтымыздың берік әрі мызғымыз тұғыры. Менің бұған ешқандай күмәнім жоқ. Сіздердің де шүбәларыңыз болмайды деп ойлаймын", - деді  Мемлекет басшысы.

Оқи отырыңыз: Президент Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты