Жаңа Конституция және Құрылтай: Қазақстан мемлекеттігінің жаңа тарихи кезеңі бастау алды

Ақорда
Ақорда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Тәуелсіздік жылнамасындағы ең айтулы әрі бетбұрысты сәттердің біріне куә болып отыр. Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысында еліміздің дамуындағы тұтас бір дәуір қорытындыланып, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміздің жаңа кезеңіне ресми түрде қадам басылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Ертеңнен бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне еніп, мемлекеттік билік жүйесі түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ. Бұл өзгерістің ең басты көрінісі — дәстүрлі қос палаталы Парламенттің орнына тарихи сабақтастықтың символы іспеттес Құрылтайдың келуі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Бүгінгі Парламенттің қос Палатасының бірлескен отырысының тарихи мән-маңызы айрықша деп айтсақ, дұрыс болар. Бұл дүйім халқымыз үшін де айқын нәрсе, ақиқат. Біз қазақ мемлекеттігінің «ғимаратына» күрделі жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз».

Отыз жылдық белес: Кәсіби Парламенттің тарихи миссиясы

Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын құрылған тұңғыш кәсіби Парламент еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруда және нарықтық экономиканы орнықтыруда шешуші рөл атқарды. Осы уақыт ішінде заң шығару жүйесінің қайнар бастауында елге және халықаралық қауымдастыққа танымал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері тұрды.

Отыз жыл ішіндегі Парламент қызметінің басты көрсеткіштері:

  • 3,5 мыңға жуық аса қажетті заң қабылданды;
  • Әрбір оныншы заңға депутаттардың өздері бастамашы болды;
  • Тек кейінгі үш жылдың өзінде 300-ден астам өте маңызды заң, соның ішінде тарихи мәні зор конституциялық заңдар мен кодекстер қабылданды;
  • Жаңа Ата заң аясында өте қысқа мерзімде 9 заң топтамасы, соның ішінде 6 конституциялық заң шұғыл әзірленіп, өмірге жолдама алды.

Қазіргі шақырылымның депутаттары күрделі және шешуші кезеңде жұмыс істей отырып, Әділетті Қазақстанның негізін қалау үдерісіне және 2026 жылғы Конституцияны әзірлеуге тікелей атсалысты.

Бүгінгі таңда халықаралық ахуал уақыт өткен сайын күрделеніп, жаһандық экономикада тұрақсыздық белең алуда. Халықаралық валюта қоры мен БҰҰ агенттіктерінің болжамы бойынша, алдағы екі жылда әлем қауымдастығы айтарлықтай экономикалық қиындықтарға тап болуы мүмкін.

Мұндай сын сағатта Үкімет пен мемлекеттік аппарат алдында келесідей маңызды міндеттер тұр:

  1. Экономикалық тұрақтылық: Инфляцияны тежеп, оны мейлінше төмен деңгейге жеткізу, экономиканың өсім қарқынын арттыру.
  2. Цифрландыру: Үш жылдың ішінде Қазақстанды толықтай дамыған цифрлық мемлекетке айналдыру.
  3. Ұлттық қауіпсіздік: Тәуелсіздік пен егемендікті сенімді қорғауды шегелей түсу, «жау жоқ деме жар астында» қағидасын берік ұстану.
  4. Халықтың әл-ауқаты: Азаматтардың тұрмыс сапасын тұрақты түрде жақсарту.

Ертең ресми түрде бастау алатын мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту жұмыстарын кезекті әкімшілік науқан деп түсінуге болмайды. Бұл — мақсаты да, мағынасы да мүлде бөлек, бұрын-соңды болмаған ауқымды реформа.

Бұл тарихи үдеріске тек билік тармақтары ғана емес, академиялық институттар, ғылыми орталықтар, үкіметтік емес сектор мен халықаралық ұйымдарда қызмет ететін барша саналы азаматтар атсалысуы тиіс. Қазақстан өз дамуының эволюциялық өрлеу жолына түсті, ал алда тұрған міндеттерді табысты жүзеге асыру — ортақ жауапкершілік.