Оқиға биыл 3 ақпанда болған
Семейде жаңа туған нәрестені тірідей қоқыс жәшігіне лақтырып кеткендерге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Судья баланың әкесін өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ал көкек ана сот залынан босатылды. Оқиға биыл 3 ақпанда болған. Сот материалдарына сәйкес, бойжеткен сәбиді үйдегі әжетханада босанған. Нәресте дәретхана тесігіне түсіп кеткен соң, ол жігітіне хабарласыпты. Ер адам шақалақты алып шығып, сүлгіге орап, көшедегі қоқыс контейнеріне тастаған. Салдарынан сәби аязда үсіп қалған. Сот үкімімен көкек ана рақымшылыққа ілінді. Ал қатігез әке "адам өлтіргені үшін" кінәлі деп танылды. Сонымен қатар екеуі де полиция қызметіндегі шендерінен айырылды.
"ҚК 99-бап 3-бөлімі көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Өмір бойы бас бостандығынан айырылу жазасы тағайындалсын. ҚК 46 бөлімі 5-бөлімі 4-тармағына сәйкес сотталған Советқазы бас бостандығынан айыру жазасын ҚАЖ төтенше қауіпсіз мекемесінде өтесін. ҚК 49 бабы 1-бөлімі қолданып, Советқазы полиция аға лейтенанты шенінен айырылсын. Сотталған Советқазы қолданылған күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалдырылсын", - деді судья Нияз Хасенбаев.
Оқи отырыңыз: Ақтөбе облысында бензин тұтанып, екі жұмысшы ауруханаға түсті