Бұған дейін мегаполисте бірқатар мерекелік іс-шаралар өткен болатын
Алматыда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтары үшін кең ауқымды мәдени-ойын-сауық бағдарламалары жалғасын табады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Атап айтқанда, 31 желтоқсанда Астана алаңында сағат 18:00-ден 00:30-ға дейін жалғасатын басты жаңа жылдық концерт өтеді. Кеш барысында Мақпал Исабекова, Әлішер Каримов, Ақылбек Жеменей, Бейбіт Қорған, Ringo тобы, Ninety One тобы, Ayree, Astra тобы, Dakelot, Дәулет Жанболат сынды танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Концерт бағдарламасының ерекше бөлімі – DJ BATTLE. Батл барысында диджейлер жаңа жылдық әуендер мен танымал хиттерді заманауи әрлеуде ұсынатын авторлық микстерін орындап, кешке ерекше динамика мен атмосфера сыйлайды.
Қазақ мемлекеттік циркінде 11 қаңтарға дейін «CHRISTMAS STARS» атты жаңажылдық шоу-премьераның көрсетілімі жалғасады. Бұл мейірім, достық пен ғажайыпқа толы, ересектер мен балаларға арналған біртұтас сюжетке құрылған мерекелік қойылым. Бағдарламада қолға үйретілген экзотикалық құстар мен жануарлар – тотықұстар, шимпанзелер, әсем жүрісті аттар, шағын тұқымды иттер және көрермендердің сүйіктісі аюқызы Яна өнер көрсетеді.
Мемлекеттік қуыршақ театрында балалар мен ересектерге арналған «Мульти Жаңа жыл» мерекелік ойын-сауықтық бағдарламасы 4 қаңтарға дейін жалғасын табады. Кішкентай бүлдіршіндер түрлі ғаламдарға саяхат жасап, Лило мен Стич, Эш пен Пикачу, Кики мен Наруто және тағы да басқа әйгілі қаһармандармен танысып, мейірімді Аяз Атаның көмегімен ертегілер әлемі Қуыршақтар еліне жол тартады.
Сонымен қатар қаланың 8 ауданында арнайы безендірілген орындарда күн сайын Аяз Ата мен ертегі кейіпкерлер қатысатын мерекелік концерттер, ойын-сауық бағдарламалары мен интерактивті ойындар өтеді.
Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарын Жаңа жыл мерекесін бірге атап өтіп, шаттыққа толы мерекелік көңіл-күйді сезінуге шақырады.
Айта кетейік, бұған дейін мегаполисте жаңажылдық гала-концерт, «Панфиловтағы Жаңа жыл» фестивалі сынды бірқатар мерекелік іс-шаралар өткен болатын.
Оқи отырыңыз: Жаңа жыл мерекесі: Алматы полициясы күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр