Жаңа жылда мерекелік дастарханға қанша ақша жұмсалады

30.12.2025 20:46

Almaty.tv тілшісі бір отбасындағы мерекелік шығынды есептеп көрді

Ел асыға күтетін Жаңа жыл қарсаңында мерекелік көңіл күй үшін жұрт біраз ақша жұмсайтыны жасырын емес. Мысалы, сыйлық алу, безендіру, ең бастысы дастархан жаю көптің қалтасын қағатыны анық.

Almaty.tv тілшісі бір отбасындағы мерекелік шығынды есептеп көрді.  

Көпшілік тағатсыздана күтетін мерекеге отандастарымыз жыл сайын аз ақша жұмсамайды. Мектеп, балабақша, ұжымдық кештер бәрін былай қойғанда қарапайым дастархан жаю үшін бір отбасыға орташа есеппен 200 мың теңге кетеді. Атырау қаласының тұрғыны Динара Бөкенбаева арнайы қонақ күтпесе де отбасылық мерекені абыроймен өткізу үшін біраз шығындалған.

«Жаңа жыл, наурыз мейрамында да ерекше атап өтеміз. Жыл сайын тамақ қымбаттап жатыр, соған қарамастан барынша бала-шағамның несібесіне қарай, дастарханды сәнді етіп жаюға тырысамын. Былтыр нақты есебі жоқ, анық 200 мың теңге кетті», – деді қала тұрғыны Динара Бөкенбаева.

Шағын отбасының өзі кешкі ас мәзіріне кемінде 100-150 мың теңге жұмсайды. Ойын-сауық бұйымдары мен безендірулер үшін тағы сондай көлемде қаржы кетеді. Оған жақындарыңызға алатын сыйлық пен өзге де қажеттілікті қосыңыз. Ал дастархан қойылатын басты тағамның құны да арзан емес. Қазір көпшілік ет асып шашылмайды керісінше денсаулыққа пайдалы тағам әзірлеуге көшкен.

«Жаңа жылға арнап нарын тамағын әзірлегенді жақсы көремін. Сірнені жақсы көремін. Өз қалауыма қарай жасай беремін. Күнделікті нан жемейміз, қамыр тамақты көп пісірмеуге тырысамын. Етті асып, қасына ақ күріш, пюре пісіріп қоямыз», – деді Динара Бөкенбаева.

Ал диетологтар майонез қосылатын, асқазанға ауыр тағамдарды тұтынбауға кеңес береді. Сондай-ақ жаңа жылдық кеште тамақты тойып ішуге болмайтынын айтты. Мерекелік дастарханды күтіп, күні бойы аш жүру де дұрыс емес. Сол үшін таңғы асқа ақуызы бар тағам ішу керек.

«Жаңа жылда өте жеңіл тағамдарды дайындауды ұсынамыз. Ол күні мәзірде жеңіл көкөністен жасалған салаттар, көк шөптер, жеміс жидектердің болғаны абзал. Бізде қазақтарда қалыптасқан дәстүр міндетті түрде бесбармақ дайындайды. Дәрігер ретінде бұл дұрыс емес екенін ескертеміз», – деді диетолог Анаргүл Бауыржан.

Маман сондай-ақ кешкі ас мәзірді жеңіл тағамдармен алмастырғанды жөн санайды. Күні бойы нәр татпай бірден ауыр тамақты жеу асқазанға үлкен соққы болады. Ал мерекеден кейін біраз уақыт ас қорыту үшін жаяу жүрген денсаулыққа өте пайдалы.

Оқи отырыңыз: Алматыда 31 желтоқсан қалай аталып өтеді