Жаңаөзенде заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топ ұсталды

22.01.2026 16:32

ІІМ заңсыз көші-қонға қарсы жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр

polisia.kz

Ішкі істер министрлігі заңсыз көші-қон арнасын жою бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

19 қаңтарда криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген тергеу-жедел іс-шараларының нәтижесінде Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастырған қылмыстық топтың жолы кесілді.

Ұсталғандардың таяу шет елдердің азаматтарына мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуге көмектескені анықталды. Өз қызметтері үшін олар ақшалай сыйақы алып отырған.

"Тінту барысында күдіктілерден 500-ден астам нотариалдық сенімхат, шетелдік төлқұжаттар, жалған құжаттар, байланыс құралдары тәркіленді", - делінген хабарламада.

Ұйымдастырушыларға қатысты қылмыстық кодекстің Заңсыз көші-қонды ұйымдастыру бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ішкі істер министрлігі ескертеді, көші-қон заңнамасының кез келген заңбұзушылығы жазасыз қалмайды.

Заңсыз көші-қон арналарының жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр. 

Оқи отырыңыз: ШҚО-да 70 мың тонна пайдалы қазбаны заңсыз өндіргендердің әрекеті әшкереленді