Елімізде 29 мыңнан астам бала көз ауруларына байланысты дәрігерлердің бақылауында тұр
Қазақстанда 29 мыңнан астам бала көз ауруларына байланысты дәрігерлердің бақылауында тұр. Оның 18 мыңнан астамына алыстан көрмеушілік, яғни миопия диагнозы қойылған. Көру қабілетінің бұзылуы әсіресе, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жиі байқалады. Маңғыстау облысында да жағдай алаңдатарлық. Биыл өңірде 10 мыңнан астам жеткіншектің жанарынан түрлі ақау анықталған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ақтау тұрғыны Ербол Жантоқовтың 7 жастағы қызы Ясмина миопия дертіне шалдыққан. Қыз алыстағы заттарды анық көре алмайды. Әкесі мұны қызының теледидар көріп отырған кезінде аңғарған. Қазір кішкентай пациент дәрігердің бақылауында. Көру қабілетін түзету үшін оған әр алты ай сайын көзілдірігін жаңартып отыру қажет екен.
«Телефон қарайтын, теледидардан мультфильм көреді. Бірде алдына барып, тұрып қарайтынын байқадым. Дәрігерге көрініп, кеғесін алдық», деді қала тұрғыны Ербол Жантоқов.
Ақтау қаласындағы №2 емханада балалардың көру қабілетін жақсартуға бағытталған арнайы кабинет бар. Мұнда күн сайын 25 бала ем қабылдайды. Олардың қатарында мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндер де кездеседі. Мамандар көз ауруларын емдеу үшін арнайы аппараттар мен бағдарламаларды қолданады.
«Бұл кабинетте миопиа, астигматизм, амблиопия, косоглазие диагноздарымен келген балалар көзіне ем алады. 10 күн көлемінде ем жүргіземіз, оң нәтиже болады. Оларға жатып телефон қарамауға, жатып кітап оқымауға кеңес береміз», деді медбике Орынгүл Исабайқызы.
Өңірде жанары әлсіреген балалар саны көбейіп барады. Былтыр Маңғыстау облысында 14 жасқа дейінгі 19 мыңға жуық баланың көзінен әртүрлі ауру анықталған. Ал биыл скринингтік тексеру қорытындысы бойынша қыркүйек айына дейін 18 мыңға жуық балаға алғаш рет диагноз қойылыпты.
«Балалар арасында миопия, яғни алыстан көрмеушілік жиі кездеседі. Оның бір себебі - балалардың кішкентай кезінен бастап гаджеттерді көп пайдалануы. Мектептерде интерактивті тақталар қолданылады, мұғалімдер тапсырманы телефон арқылы береді. Соның салдарынан балалар күндіз де, кешке де экран алдында көп отырады», деді қалалық № 2 емхананың офтальмолог дәрігері Баян Жәрдемова.
Дәрігерлер ата-аналарға балалардың телефон мен басқа да гаджеттерді пайдалану уақытын шектеуге кеңес береді. Сондай-ақ ұйқы тәртібін сақтап, көру қабілетіндегі өзгерістерді дер кезінде анықтау маңызды. Мамандардың айтуынша, көзді тұрақты тексертіп, дәрігерге уақытылы қаралу түрлі асқынудың алдын алуға көмектеседі.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтау қаласынан
Оқи отырыңыз: Үш жылда балалар құқығын қорғауға арналған 11 заң қабылданды