Жанармай бекетіндегі жарылыс: мекеме директоры 3,5 жылға сотталды

15.06.2026 19:15

Былтыр мамырда болған жарылыс кезінде ерлі-зайыптылар қаза тауып, 4 бала жетім қалған

Атырау облысы Құлсары қаласында жанармай бекетінде болған жарылысқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Айыпталушы – қайғылы оқиғаға жауапты мекеменің директоры. Оған «жарылыс қаупі бар обьектілердегі қауіпсіздік қағидасын бұзу мен абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан қылмыс жасады» деген айып тағылды. Тергеу материалында, Құлсарыдағы №3 газ құю станциясындағы көлемі 25 текше метрлік сұйытылған көмірсутек газын сақтауға арналған резервуар техникалық тұрғыда куәландырылмаған және тіркелмеген.

Еске салайық, былтыр мамырда болған жарылыс кезінде ерлі-зайыптылар қаза тауып, 4 бала жетім қалған. Оның біреуі кәмелетке толмаған. Айыпталушы мекеме басшысы марқұмдардың салынып жатқан үйінің құрылысын аяқтауға көмектескен. Дегенмен жәбірленуші тарап күдіктіні бас бостандығынан айыру туралы үкімге келіскенімен, моральдық шығынға көңілі толмайтынын жеткізді. 

«Қылмыстық кодекстің 281-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сондай-ақ оған 3 жыл мерзімге өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы қолданылсын. Жауапты мекемеден Ұқапов Мирас, Ұқапова Камшат, Беркінқызы Ақерке және Беркін Мейіржанның әрқайсысының пайдасына 10 000 000 (он миллион) теңгеден моральдық өтемақы өндірілсін», – деді Жылыой аудандық сотының судьясы Ардақ Жаржанқызы.

Оқи отырыңыз: Нөсер жауын: Атырау облысында мал қырылып жатыр