Халықты жұмыспен қамту деңгейі артып келеді: жыл басынан бері Қазақстанда 200 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Азаматтардың біліктілігін арттыруға және оларды жаңа дағдыларға үйретуге ерекше назар аударылуда

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 131,3 мың адам қамтылып, 200,4 мың қазақстандық жұмысқа орналасты, - деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Халықты жұмыспен қамтуды арттыру, кәсіпкерлікті дамыту және азаматтарды кәсіптік оқыту жөніндегі шаралар кешені Үкіметтің ерекше бақылауында. Бұл міндеттерді іске асырудың негізгі құралдары – өңірлік жұмыспен қамту карталары, ұлттық жобалар мен бейінді мемлекеттік бағдарламалар.

Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Бүгінгі таңда мұндай жұмыс орындарына 69,8 мың адам орналасты. Оның ішінде қоғамдық жұмыстарға – 49,6 мың адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 8,2 мың адам, жастар практикасына – 4,9 мың адам, ал «Күміс жас» жобасы аясында 7,1 мың адам жіберілді.

Азаматтардың біліктілігін арттыруға және оларды еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларға үйретуге ерекше назар аударылуда. Онлайн-оқытумен 37,5 мың жұмыссыз азамат қамтылды, оның 29,3 мыңы курстарды аяқтап, тиісті сертификаттарын алды.

Сонымен қатар, халық арасында кәсіпкерлік дағдыларды дамытуға бағытталған «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Жыл басынан бері кәсіпкерлік негіздерін үйретумен 21,0 мың адам қамтылды, оның 10 мыңы оқуды аяқтап, сертификатқа ие болды.

Жұмыс берушілердің сұранысы бойынша кадрлар даярлау мақсатында кәсіптік оқуға 3 040 адам жіберіліп, оның 78-і оқуды аяқтады. Оқуын бітіргеннен кейін 46 адам жұмысқа орналасты. Бұл шара өңірлік еңбек нарықтарының қажеттіліктерін ескере отырып, кәсіпорындарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осымен қатар, мансап орталықтарында азаматтарды кәсіптік бағдарлау бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 170,6 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлау мен кеңес беру қызметтерін алды, бұл мамандықты тиімдірек таңдауға және азаматтардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді.

Азаматтарды жұмысқа орналастыру бірнеше бағыт бойынша жүзеге асырылатынын және міндетті зейнетақы жарналарының аударылуымен расталатынын атап өткен жөн.

Сонымен, 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 200,4 мың адам жұмысқа орналасты, оның ішінде: – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары аясында – 69,8 мың адам; – жұмыс берушілер Электрондық еңбек биржасына орналастырған бос жұмыс орындарына – 69,9 мың адам; – Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы аясында – 55,7 мың адам; – орталық мемлекеттік органдар іске асырып жатқан жобалар аясында – 5,0 мың адам.

Бұдан бөлек, 2026 жылы халықтың кәсіпкерлік белсенділігін қолдау үшін жаңа бизнес-бастамаларды іске асыруға азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына 400 АЕК-ке дейін, яғни 1 730 000 теңге көлемінде 9 мың мемлекеттік грант беру көзделген.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру елдің барлық өңірлерінде жалғасуда және ол халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге, азаматтардың табысын арттыруға және адами капиталды дамытуға бағытталған.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы курорттарда демалу құны қанша

Новости партнеров