29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке 13-бап бойынша айып тағылған
Атырау облысы Жангелдин ауылындағы қанды қылмысқа қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бүгін бүтін бір отбасын қырып салды деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиев қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті абайсызда өлтіріп алғанын мәлімдеді. Ал қайын атасы мен енесін қасақана өлтіргенін мойындап отыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиевке 13-бап бойынша айып тағылған. Айыпталушы бүгінгі сот отырысында қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірмегенін және 99-баптың 1-бөлігіндегі айыппен келіспейтінін айтты. Сөзінше, бұл әрекетті өзін қорғау үшін жасаған. Ал өзге отбасы мүшелері Мақсот Қарабалинді 9 рет, Нәсіп Өтешқалиеваны 8 рет, Мейрамгүл Қарабалинаны 32 рет пышақтағанын және бұл қылмысқа саналы түрде барғанын мойындады.
«Наурыздан өзімді қорғану мақсатында абайсызда болған қылмыстық іс деп есептеймін. Ар-ұжданыма отбасыма бейберекет қол сұққандары үшін мен кегімді солай қайтарудан басқа амалым болған жоқ», – деді айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев.
Сотта марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әдемі Мұқанғалиева жауап берді. Айтуынша, ағасы мен жеңгесі қыздары Ақбаян мен күйеу баласы Сұлтанның арасына түспеген және үнемі көмектесіп, қолдау көрсеткен. Әрі марқұмдардың ерсі мінезі жоқ, ұрыс шығаратындай әрекетке баруы мүмкін емес деп отыр.
«Өзі үшінші топтағы мүгедек. Ешкімге зияны жоқ. Ақбаян мен Сұлтанға малдарын беріп, ақшалай көмектесіп тұрды. Олар ондай жамандыққа бармайды. Жеңгем де, ағам – зейнеткер, өз еңбегімен күн көріп отыр», – деді марқұмдардың туысы Әдемі Мұқанғалиева.
Еске сала кетейік, былтыр Жангелдин ауылында жоғалып кеткен бір отбасының төрт адамы өлі күйінде табылған. 66 және 62 жастағы ерлі-зайыптылардың мәйіті сарайдан, ал ұлы мен қызының денесі айыпталушының жалдамалы үйінің ауласынан табылған еді. Атышулы іс ертең де жалғасады.
Жұлдыз Қайратқызы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік жол апаты: Астадана оқиға орнында бала көз жұмды