Биыл масаң күйде жасалған 190-ға жуық қылмыс тіркелген
Алматыда жыл басынан бері масаң күйде жасалған 190-ға жуық қылмыс тіркелген. Заңсыз ішімдік сатқан 700-ге жуық ЖШС пен жеке кәсіпкерлер жауапқа тартылған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алкогольді өнімдердің тұтқынына айналған адамдардың көбі бір кездері әр саланың білікті маманы, отбасының сыйлы мүшесі болған. Десе де ащы судың қызығына еліткен азаматтар уақыт өте денсаулығынан, отбасынан, тіпті қоғамдағы орнынан айырылып қалуы да мүмкін.
«Үйдегілер арақтың кесірінен өліп қалмасын» деп осылай жабады. Беделің түседі. Бірінші кезекте бауырың ауырады. Спортпен шұғылдануға зауғың соқпайды. Мұнда ешкім арақ бермейді. Амал жоқ қанша ішкің келсе де ішпейсің. Ешқайда шықпайсың», – деді емделуші.
«Ішімдік өміріме кері әсерін тигізді. Соның кесірінен жұмысымнан, жүргізуші куәлігімнен айырылдым. Осыда бесінші рет келіп, ем алып жатырмын. Тәуелділіктен толық айығып шыққан соң, отбасымды құрғым келеді». – деді емделуші.
Психикалық сауықтыру орталығына ішімдікке тәуелділіктен арылу үшін келетін азаматтар саны көбеймесе, азаймай тұр. Дәрігерлердің айтуынша, алкогольді сусындар дүкенде қолжетімді болғандықтан ащы судың жетегінде кететіндер саны қысқармайды. Шамамен үш жарым мыңға тарта адам маскүнемдік бойынша психикалық сауықтыру орталығының диспансерлік есебінде тұр.
«Көмек 3 сатыдан тұрады. Біріншіден олардың науқастардың ағзасын тазарту керек. Екінші сатысы реабилитациялық бөлімшелерге жібереміз. Сол жерде ем қабылдайды,қосымша психологтар мен психотерапевт мамандары көмек береді», – деді Психикалық сауықтыру орталығының психиатр-наркологы Құмарбек Қожекенов.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен халықаралық зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстан алкоголь тұтыну көлемі бойынша Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Елімізде 15 жастан асқан бір адам жылына орта есеппен 5,4 литр таза спирт тұтынады. Бұл көрсеткіш Қырғызстанда – 3,9 , Өзбекстанда – 2,1, ал Тәжікстанда небәрі 0,7 литрді құрайды. Ішімдік тек денсаулыққа ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке де қатер төндіреді. Мәселен, былтыр елімізде тіркелген 388 кісі өлтірудің 214-і мас күйде жасалған. Сондай-ақ 1466 бұзақылықтың 474-і және 1160 ұрлықтың 258-і алкогольдің әсерімен немесе мас күйдегі адамдардың қатысуымен тіркелген. Бұл – әр екінші кісі өлтіру, әр үшінші бұзақылық және әр бесінші тонау қылмысы ішімдікпен байланысты деген сөз.
«Жыл басынан бері шамамен 190-ға жуық қылмыс орын алды, былтырғы жылмен салыстырғанда жағдай тұрақты боп келеді. Алкогольдік жағдайда болған қылмыстың алдын алу мақсатында күнделікті профилактикалық жұмыспен айналысамыз. Ол азық-түлік дүкендері, сол алкогольдік өнімдер сататын дүкендерді жыл басынан бастап заңсыз бей уақытта сатқаны үшін 700-ге жуық ЖШС мен жеке кәсіпкерді жауапкершілікке тарттық», – деді Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев.
Ал психологтың айтуынша, ішкілікке салынған адамды жазғырып, қоғамнан оқшаулау мәселені шешпейді. Керісінше, жақындарының қолдауы мен дер кезінде мамандардың көмегіне жүгіну – тәуелділіктен айығу жолындағы маңызды қадамдарының бірі.
«Ішетін адамды ішпейтін жан өзгерткісі келеді. Бұл мүмкін емес. Оған кішкене көмектесу керек, оған сену керек. «Сенде барлығы қолыңнан келеді, мен саған сенемін, бұны тастай аласын, сен ақылдысың» деген жылы сөздерді айта беретін болса, ол да әрекет жасайды. Ал оны қыспаққа алса, міндетті түрде мінез-құлқы өзгереді, салдарынан біреуді өлтіріп қоюы да мүмкін», – дед іпсихолог Шынар Құсманқызы.
Елімізде ер адамдар алкогольді әйелдерге қарағанда жиі тұтынады. Мысалы, өмірінде кемінде бір рет ішімдік ішкендердің үлесі ерлер арасында 61 пайыз болса, әйелдер арасында 47 процентке жуық. Ішімдікке әуестік денсаулыққа ғана емес, адамның бүкіл өміріне әсер етеді. Кей жағдайда құқықбұзушылықтар мен жол-көлік оқиғаларына дейін алып келуі мүмкін. Сондықтан тәуелділіктің құрсауына түсіп, құрдымға кетпей тұрғанда бұл құмарлықтан арылған абзал.
Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген, Думан Дәулетбақұлы
Оқи отырыңыз: Жазғы маусымда жасөспірімдердің еңбек құқығын қорғау шаралары күшейтілді