Алматыда жыл басынан бері масаң күйде қылмысқа барған 120 жағдай тіркелді
Алматыда жыл басынан бері масаң күйде қылмысқа барған 120 жағдай тіркелді. Бұл – тек соңғы 5 айдағы көрсеткіш. Ал осыдан 3 жыл бұрын алкогольге сылқия тойып алып, заң бұзғандардың саны 2 есе аз болған. Ең сорақысы, былтыр ішімдік салдарынан 15 адам мерт болыпты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Алкогольді өнімдерді рұқсатсыз, түнгі уақытта немесе кәмелет жасына толмағандарға сату – бұл жай ғана сауда ережелерін бұзу емес. Бұл қайғылы жағдаймен аяқталатын тұрмыстық жанжалға, зорлық-зомбылыққа, жол апаты мен адам өліміне әкелетін зор қауіп. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, жауапкершілік ең алдымен ішімдікті сататын кәсіпкерлерге артылатынын айтты. 2023 жылы жүргізілген тексеріс кезінде заңды елемеген саудагерлерге қатысты 475 әкімшілік хаттама толтырылса, былтыр көрсеткіштің 2 есеге өскені анықталған.
«Мемлекеттік органдар полициямен бірге, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және кәсіпкерлік қоғамдастықпен бірлесіп, мұндай құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу жұмыстарын жалғастырады. Бизнес дамуы тиіс, бірақ тек заң аясында», – деді ҚР Бас прокуратурасы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы Абай Арап.
Құзырлы орган өкілдері тексерістер мен ақпараттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанымен, заңды елемейтіндер азаймай тұрғанын айтты. Биыл наурызда екі құрылысшы түнгі уақытта дүкеннен спирттік өнім сатып алып, масаң күйде жанжалдасқан. Салдарынан жұмысшының бірі жанындағы азаматты балтамен ұрып мерт қылыпты. Полиция қызметкері «саудагер алкогольдік өнімді сатпағанда, мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді» дейді.
«Рұқсат етілмеген уақытта спирттік өнімді сатқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Солардың 726-сы кәсіптік нысандар. Бұдан бөлек, 269 дүкеннің лицензиясыз жұмыс істегені анықталып, шамамен 40 миллион теңгенің тауары тәркіленді», – деді Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бөлімінің бастығы Айдын Исаев.
Лицензия демекші, рұқсат құжатынсыз спирттік өнімдерді саудалағаны немесе заңсыз өндіргені үшін соттың шешімімен былтыр 102 мыңнан аса алкогольді өнім тәркіленген. Ал биыл небәрі 5 айдың ішінде 139 мың бөтелке жойылды.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлерге кедергі келтіру емес. Керісінше, адал бизнес қорғалуы тиіс және тең жағдайда жұмыс істеуі керек. Бірақ алкогольді заңсыз сату дер кезінде тоқтатылуы қажет. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін маңызды», – деді ҚР Бас прокуратурасы комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары Мейірбек Баймолдаев.
Жиынға қатысқан саудагерлер де аталған мәселе расымен өзекті екенін айтады. Алайда таяқтың ұшы тек бір тарапқа тиетін көрінеді.
«Тек кәсіпкерлерді жауапкершілікке тартпай, сатып алушыны да жауапкершілікке тартса, мәселе Қазақстан бойынша қолға алынар еді. Бұл жерде жемқорлықты да ең бірінші қолға алуға болар еді. Бізге ескерту қазір берілмейді. Бірден ең төменгі штраф 120 мың теңгеден басталады және 1 айға лицензиядан шегереді», – деді кәсіпкер Флора Мұстафаева
Қоса кетейік, 2024 жылы масаң күйде жасалған қылмыс салдарынан 20 адам мерт болса, былтыр 15 азамат жан тапсырған. Бұдан бөлек, ішімдікке сылқия тойып алып, зорлық, ұрлық, төбелес секілді ұсақ бұзақылыққа бару деректері де азаймай тұр. Аяулым Көлжігіт, Мейрам Исабеков
Оқи отырыңыз: Бейнеролик көр де, табыс тап: «WornerBros» қаржы пирамидасының басшылары сотталды