Жантүршігерлік жол апаты: Жаңаөзенде 2 адам қаза тауып, 5 адам жарақат алды

19.01.2026 14:09

Өрт сөндіру машинасы қоршау мен жеке тұрғын үйге соғылып, жеңіл көліктің үстінен басып қалған

Жаңаөзен қаласында жантүршігерлік жол апаты болды. Қаладағы Маната көшесінде жеңіл автокөлік пен шақыртуға бара жатқан өрт сөндіру көлігі соқтығысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салдарынан өрт сөндіру машинасы қоршау мен жеке тұрғын үйге соғылып, жеңіл көліктің үстінен басып қалған. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам жарақат алды. Олар дереу ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккендердің ішінде өртке қарсы қызметтің үш қызметкері бар.

«Оқиға нәтижесінде екі адам қаза тауып, бес адам, оның ішінде өртке қарсы қызметтің үш қызметкері, медициналық мекемелерге жеткізілді. Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оның аясында болған оқиғаның мән-жайы мен себептері анықталатын болады. Бұл іс Маңғыстау облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деді Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әйгерім Ибаттулаева.

Оқи отырыңыз: Алдағы үш күнде ауа райы қандай болады