Мамандардың мәліметінше, электр кабельдері әбден тозған
Ақтауда жаңа баспана алған тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмады. Күн райы бұзылса, үйлердің алдын батпақ басады, электр жарығы сағаттап сөнеді. Ал кейбір пәтерлерге көгілдір отын әлі қосылмаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Лағылтас» кешенінің құрылысы өткен жылы аяқталып, тұрғындар жаңа баспанада қоныс тойын тойлаған еді. Алайда әдемі үйдің айналасындағы ахуал көңіл көншітпейді. Жаңбыр жауса болды, ойдым-шұңқыр жолдың бәрін батпақ басады. Тұрғындар «балшық кешіп жүруге мәжбүрміз» дейді. Бір жылдан бері кешеннің аумағы абаттандырылмапты. Ол аздай, электр жарығы да жиі сөніп, тұрғындарды әбден әбігерге салған.
«Үш күн балшықта қиналып қалдық. Жұмысқа шыға алмай. Оның бәрі айтылды, видеолары бар. Жиі-жиі авария болады. Жарық жарты сағатқа сөнсе шыдауға болады. Сағаттап өшеді, он сағатқа дейін жарықсыз отырамыз», – деді қала тұрғыны Ғалия Іздібай.
«Жарық сөнген кезде үйде тамақ жасай алмаймыз, жылу да жоқ. Сол себепті далада тамақтануға тура келеді. Кейде тамақ ішпей жатамыз», – деді қала тұрғыны Ақерке Темірханова.
Жауаптылар инфрақұрылымды реттеуге енді ғана кірісіп жатыр. Қала әкімдігі бір жылдан бері шешім таппаған мәселенің назарда екенін айтады. Жарықтың жиі сөнуіне қатысты ақаудың барын да мойындады. Мамандардың мәліметінше, электр кабельдері әбден тозған.
«Кабельдік желілердің тозуына байланысты авариялық жағдайлар жиілеп кетті. Бұл мәселені шешу үшін 19-шағынаудандағы тарату пунктінен 19- шағынаудандағы тарату құрылғысына кабель тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар «Лағылтас» тұрғын үй кешеніне қосымша екінші резервтік желі тартылады. Бұл электр жүктемесін азайтып, тұрғындарды тұрақты электр көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әсет Басбаев.
Жолдың жайы мен жарықтың тұрақсыздығы бір бөлек, көгілдір отынның да түйіні тарқамаған. Тұрғындардың біразы әлі күнге дейін газға қосыла алмай отыр. Ал жауаптылар бұл мәселесі жақын арада шешіледі деп сендірді.
«Қазақгаздың» қорытындысы алдағы уақытта шығады. Сол кезде тұрғындарға сұйытылған газды қосамыз», – деді Сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының м. а. Бегалы Хожахметов.
Жаңбыр жауса, батпаққа батып, жарық сөнсе, жылусыз қалатын жұрт берілген уәде тез арада орындалса деп отыр. Өйткені жаңа үйдің сәні сәулетінде емес, тұрғынға жасалған жағдайында болып тұр.
Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Көмір тапшылығы бола ма: Алматы облысында жауапты басқарма қатты отынның бағасын бақылауға алды