Жеңімпаздар «Үздік жасыл мектеп», «Үздік жасыл балабақша» және «Үздік инновациялық шығармашылық орталығы» номинациялары бойынша анықталды
Алматыдағы білім беру ұйымдарының арасында экологиялық байқаудың қалалық кезеңі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сайыста аудандық конкурстан өткен 14 мектеп пен балабақша экологиялық жобаларын таныстырып, аумақты көгалдандыру, өсімдіктерді күту, қалдықтарды сұрыптау және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған бастамаларын көрсетті. Жеңімпаздар «Үздік жасыл мектеп», «Үздік жасыл балабақша» және «Үздік инновациялық шығармашылық орталығы» номинациялары бойынша анықталды.
«Негізгі мақсат – жақсы әдет қалыптастыру. Күнделікті өмірінде, санасында жасыл ортаны қалыптастыруға бағытталған, құндылыққа бағытталған жобаларды жүзеге асыру білім беру жүйесі үшін өте маңызды екендігін атап өткім келеді. Мектептердің тәжірибесін қараған кезде жасыл аумақтарды көріп, мектептегі әдемі гүлзарларды көріп, көз сүйсінеді. Ол мектепке деген, сол ұжымға деген үлкен құрмет сезімін қалыптастырады. Сондықтан да осындай жақсы бастамалар қаламызда насихатталуы керек», – деді Білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы директоры Дәурен Сағынғалиев.¤
«Экологиялық тәрбие негізінде балалардың бойында құндылықтарды қалыптастыруға қатысты жоба ұсындық. Себебі бала тәрбиесі ортақ. Оны бір адам емес, қоғам болып тәрбиелеуіміз керек. Балаларға экологиялық тәрбиені бере отырып, олардың бойында жауапкершілікті, әрбір дүниеге дұрыс қарауды және оларды құрметтеуге келешек ұрпаққа жеткізу мақсатында жұмыстар көрсеттік», – деді № 177 мектеп-гимназиясының директоры Тұрсын Таңатов.
Оқи отырыңыз: «Шабыт берген Алматы!»: Алматы сұлулығын жырға қосқан авторлар анықталды