Жас емес, талпыныс маңызды: Шымкентте 80 жастағы әжей көлік жүргізеді

15.11.2025 11:53

Фатима апа көлік айдауды 64 жасында үйренген

Шымкентте 80 жастағы әже көлік тізгіндеп жүр. Қартайғанына қарамастан рөлде отырған апаны кейде тіпті, жастар жарысқа шақырады екен. Аlmaty.TV тілшісі қариямен тілдесіп, оның темір тұлпары жайлы қызықты әңгімесін тыңдап қайтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Фатима апа көлік айдауды 64 жасында үйренген. Қазір ол тек Шымкенттің көшелерінде емес, алыс аудандарға да сапар шегеді. Ақжаулықты әже «күн сайын дұға оқып, жолға шықпасам, өзімді біртүрлі сезінемін» дейді.

«12 жылдан бері көлік жүргіземін. 64 жасқа келгенде автомектепке барып оқыдым. 12 жылдан бері емін-еркін меңгеріп алдым. Кейбіреулер бағдаршамға тоқтаған кезде «апа, жарысайық» дейді. «Жоқ, жарыспа, бала, ол шайтанның ісі ғой» деймін. «Иә, апа, дұрыс» дейді», - деп күледі қала тұрғыны Фатима Нұрғалиқызы.

Сексеннің сеңгірігіне шыққан әже көлігін өзі бақылап, жөндеуге апарады. Қалада оның сенетін, сапалы жұмыс істейтін шеберханалары да бар екен. «Көлігім ескі болғанымен, ешқашан есігімнің алдында бұзылған емес» дейді қария жүргізуші.

«Көлігім бұзылар кезде өзім де сеземін. Бірден балаларға барамын. Көлік жөндейтін жерде Бекжан деген, Қуаныш деген балаларым жөндеп береді», - дейді қала тұрғыны Фатима Нұрғалиқызы.

Бүгінде жасы келген әйелдердің көлік жүргізуге бет бұрғаны жиі байқалады. Сала мамандарының айтуынша, адамның жасы емес, талпынысы маңызды. Сондықтан батылдық болса кез келген жаста рөлге отыруға болады.

«Жалпы, көлік айдау үшін әйел адамға қайсарлық және қызығушылық керек. Талпыныс та, мамандардан білім алып, үйрену де керек. Сонда ғана оңай айдап кете алады», - деді автомектеп қызметкері Әлия Асқарқызы.

Заман ағымынан қалмай, жаңа бағдарламаларды да үйреніп алған Фатима әже бүгінде қалада емін-еркін жүреді. Осылайша ол өз еңбегімен өмір сүрудің үлгісін көрсетіп келеді.

Лаура Бабас, Абзал Тұрабеков, «Алматы» телеарнасы, Шымкенттен

Оқи отырыңыз: Ауыл шаруашылығы саласының 30 еңбеккері мемлекеттік награда алды