Жас құтқарушы: Алматыдағы мектептердің бірінде клуб ашылды

18.11.2025 14:53

Бастаманың мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту

Алматыдағы №187 жалпы білім беретін мектепте Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы және Тәуелсіздік күніне орай «Жас құтқарушы» клубы ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салтанатты іс-шараға Халық қаһарманы Сәт Тоқпақбаев, қалалық білім басқармасы мен Наурызбай ауданы әкімдігінің өкілдері, төтеншеліктер, тәртіп сақшылары, ұстаздар, оқушылар және еріктілер қатысты. Бастаманың мақсаты – жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ отансүйгіштік пен батылдық рухын қалыптастыру. Іс-шара барысында «Жас құтқарушы» клубының мүшелері ант қабылдап, оқу-жаттығу дайындығы пысықталды. Бұдан бөлек, құтқарушылар оқушыларға арнайы құрал-жабдықтарды таныстырды.

 «Мақсатымыз – жас құтқарушылар күнделікті өмірдегі дағдыларын, бір-біріне деген көмегін аямай іске асыру мақсатында және Молдағұлованың соғыс кезінде көрсеткен қайсар мінезін үлгі ету», – деді мектеп директоры Риза Мырзаханова.

«Бізбен бірлесіп ай сайын бір күнді белгілеп сабақ өткіземіз. Құтқарушылар өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар туралы дәріс оқиды», – деді Наурызбай ауданы ТЖБ бастығы Ержан Құрманбаев.

Оқи отырыңыз: Алматы онкохирургтары ауыр жүрек жеткіліксіздігі мен қатерлі ісігі бар науқастың өмірін құтқарды