Жасанды интеллект және цифрлық даму: Түркістанда бейресми саммит өтеді

15.05.2026 15:17

Саммит кешкі сағат 17:30-да басталады деп жоспарланып отыр

«Түркі елдері арасында жасанды интеллектінің мүмкіндігі молайып, инновациялық экожүйе нығайса, ел экономикасының есебі де еселенеді». Сарапшылардың пікірі осындай. Бүгін Түркі әлемінің астанасы Түркістан төрінде бейресми саммит өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алқалы жиынға бауырлас бес елдің Президенті, бақылаушы мемлекеттердің басшылары, түркі институттарының және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады. 

Президенттер Түркістанға келіп тоқтады. Саммиттің өзі кешкі сағат 17:30-да басталады деп жоспарланып отыр. Онда талқыланатын басты тақырып - жасанды интеллект және цифрлық даму. Көп халықаралық ұйым бұрын сауда, көлік немесе қауіпсіздік мәселелерін жиі талқылайтын. Ал қазір жасанды интеллект жаһандық бәсекенің негізі құралына айналып, күн тәртібінен түспей келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл тақырыптың дәл Түркістанда талқыға түсуі Қазақстанның аймақтық дипломатиядағы ықпалын арттырады. Ал түркі халықтарының арасындағы көп процесс технологиялық трансформация кезеңінде оңтайландырылып, жасанды жады арқылы жеңілдетілсе, экономикаға да зор үлесін тигізеді.

«Бүгінгі таңдағы Түркі мемлекеттерінің одағының жалпы ішкі өнімі 2,3 триллионға жетіп отыр. Жаһандық жалпы ішкі өнімнің 2 пайызына жуық. Егер де жасанды интеллект арқылы кедендік процедураларды оңтайландыру, сауда-логистикалық, қолма-қол қаржыдан гөрі онлайн қаржы процестерін реттейтін болса, түркі ықпалдастығының аясында, Түркия мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық қарым-қатынасын 3 есеге өсіруге уағдаласқан болатын, оған жетудің жолы осындай процестерді оңтайландырылады», – деді саясаттанушы Риззат Тасым

Түркістан бүгін өтетін алқалы жиынға бірнеше апта бойы дайындалған. Киелі мекен көркейіп, жаңа сәулет нысандары да бой көтерді. Сондай-ақ қала әкімдігі алыс-жақыннан келген меймандарды құшақ жайып қарсы алып жатыр.

Оқи отырыңыз: Түркістанның тыныштығын 5 өңірдің полицейлері күзетеді