Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді
Мемлекет басшысы Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында әлем технологиялық жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Мемлекеттің инвестициялық саясатында жасанды интеллект технологияларына мән беру – аса маңызды басымдық. Бұл қайталанбалы үдерістерден арылып, «ақылды сүзгі» қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сол арқылы инвесторларға жедел, нақты әрі тиімді қызмет көрсетіледі. ЮНКТАД болжамы бойынша, 2033 жылға қарай әлемдік жасанды интеллект экономикасының көлемі 5 триллион долларға жуықтайды. Аталған көрсеткіштің ондаған жыл ішінде шамамен 25 есе ұлғаюы жаһандық экономикадағы жасанды интеллектінің рөлі артып келе жатқанын байқатады. Еліміз осы бағытты белсенді қолға алуға ниетті.
Былтыр халыққа арнаған Жолдауымда Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. Жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2026 жыл – Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы болып жарияланды. Болашақтың бағдарын айқындай отырып, біз азаматтардың цифрлық қауіпсіздігіне ден қоямыз. Қазақстан Конституциясының жаңа редакциясы әр адамның дербес деректерін қорғауға кепілдік береді. Институционалдық негізді нығайту үшін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылды. Сонымен қатар Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес өз жұмысын бастады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңес мүшелеріне заманауи цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Атап айтқанда, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында алғаш рет озық технологиялар негізінде екі суперкомпьютерді сәтімен іске қосты.
– Инвестицияларға цифрлық дәуір талаптарына сай келетін заманауи нормативтік-құқықтық база кепіл болады. Жақында Парламентте қабылданған Цифрлық кодекс, «Жасанды интеллект туралы» заң және Digital Qazaqstan стратегиясы ел дамуының айқын технологиялық жол картасын түзеді. Бұл құжаттар инновацияға, инвестиция тартуға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге де лайықты жағдай жасайды.
Бұдан бөлек, Қазақстанның цифрлық экономикасының негізгі элементтерінің бірі саналатын Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын құруға ниеттіміз. Бірегей жоба жаһандық капитал мен әлемнің жетекші технологиялық компанияларының басын қосатын қуатты орталыққа айналмақ. Amazon, G42 және басқа да салалық көшбасшылар осы экожүйеге қатысу мүмкіндігін қарастыра бастады, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстанның адами капиталды дамытуға дәйекті түрде инвестиция құйып отырғанын мәлімдеді.
Alem.ai халықаралық орталығында TUMO және Tomorrow School жаңа буын мектептері ашылды.
– Telegram және Presight секілді халықаралық серіктестермен бірге заманауи зертханалар құрылды. Жасанды интеллект Қазақстанның білім беру жүйесіне кеңінен енгізіліп жатыр. Мен жақында қол қойған Жарлыққа сәйкес, ЖИ орта білімді жаңғыртудың негізгі элементіне айналмақ. Әрине, бұл жоба педагогтерді алмастыра алмайды, бірақ ұстаздардың мүмкіндігін кеңейтеді. Жарлықта дербес оқыту тетігін құру, цифрлық инфрақұрылымды нығайту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және білім беру стандарттарын жаңғырту қарастырылған. Біз пилоттық жобаны іске қостық, бұл тәжірибе кейін ел көлеміне таратылады. Аталған бастама қала мен ауыл мектептерінің білім алшақтығын қысқартып, ЖИ дәуірінде әр балаға жоғары сапалы білім беруді көздейді. Жасанды интеллект мемлекеттік басқару тиімділігінің шешуші факторына айналуда. Қазақстан жаңғыру үдерісінде көш бастау үшін алдын ала қимылдап, тиісті институционалдық ортаны қалыптастырып жатыр. ЖИ саласындағы әлемге әйгілі сарапшы, Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес мүшесі доктор Ли Кай Фу жақында Астанадағы Alem.ai халықаралық орталығында мемлекеттік органдардың жоғары лауазымды басшыларына оқу семинарын өткізді. Семинар жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда стратегиялық тұрғыдан пайдалану, ЖИ-ге бағдарланған операциялық модельдерді, ЖИ агенттерді қолдану және Қазақстандағы ұлттық технологиялық стекті дамыту мәселелерін қамтыды. Мемлекеттік қызметшілерді ұдайы оқыту жасанды интеллектіні жедел енгізуге ықпал етіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыра түседі. Бұдан бөлек, Қазақстанда өңіріміздегі алғашқы арнаулы жасанды интеллект университеті білім алушыларды қабылдайды. Бірегей жоғары оқу орны озық зерттеулердің, инновация мен жоғары білікті маман даярлаудың орталығына айналмақ. Білім мен технологияға қаржы құйып, дарындыларды қолдай отырып, жасанды интеллект ұлттық экожүйесінің берік негізін қалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз: Алматының индустриялық аймағында жыл соңына дейін 11 жаңа зауыт іске қосылады