Еңбек министрлігі ғылыми институт зерттеуі негізінде жастардың еңбек құқықтарын қорғаудың жаңа тәсілдерін қарастыруда
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде ведомство басшысы Асқарбек Ертаевтың төрағалығымен өткен кеңес барысында кәмелетке толмаған азаматтардың еңбек жағдайларына арналған ауқымды әлеуметтік зерттеудің нәтижелері қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Лязат Ақтаева өз баяндамасында зерттеу бес өңірді қамтығанын атап өтті. Сауалнамаға Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Түркістан және Маңғыстау облыстарында барлығы 97 мыңға жуық респондент қатысқан.
Зерттеудің ерекшелігі – жағдайды жан-жақты талдауда. Сауалнамаға 50 мыңнан астам жұмыс істейтін жасөспірім, 46 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкілдер, сондай-ақ жұмыс берушілер тартылды.
Алынған деректер жиынтығы жастардың жұмыспен қамтылуындағы ағымдағы жағдайды егжей-тегжейлі зерделеуге және маңызды оң трендтерді тіркеуге мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері қалыптасқан стереотиптерге қарамастан, бүгінгі таңда жасөспірімдердің еңбегі – экономикалық тұрғыдан жан бағу үшін жасалған мәжбүрлі шара емес екенін көрсетті.
"Жұмыс істейтін жасөспірімдердің 67%-дан астамы тұрақты табысы бар отбасыларда тәрбиеленуде. Жастардың өзі алғашқы жұмысын тәжірибе мен әлеуметтенудің маңызды кезеңі ретінде оң қабылдайды. Жасөспірімдер еңбектің оқу процесіне кедергісін келтірмей, керісінше, әр түрлі адаммен араласу дағдыларын меңгеруге, ақшаның қадірін білуге, өзін-өзі ұйымдастыруды дамытуға және өзін-өзі бағалауды арттыруға көмектесетінін атап өтті. Қазіргі қазақстандық жастар үшін ерте еңбекке араласу – экономикалық дербестікке қол жеткізудің және алғашқы кәсіби дағдыларды қалыптастырудың саналы қадамына айналуда", - делінген министрлік хабарламасында.
Жастардың еңбекке деген бұл ұмтылысын қолдау және олардың құқықтық тұрғыдан толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сарапшылар заңнаманы жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты. Атап айтқанда, кеңесте мемлекеттік бақылау жүйесіне тәуекелге бағдарланған тәсілді енгізу мәселесі қаралды, бұл инспекцияға жасөспірімдерді ауыр жұмыстарға заңсыз тарту фактілеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, еңбек инспекциясының полиция органдарымен және білім беру жүйесімен ведомствоаралық өзара іс-қимылын кеңейту ұсынылды.
Министр А. Ертаев талқылауды түйіндей келе, ұсынылған мәліметтердің ведомствоның ағымдағы жұмысы үшін маңызын атап өтіп, егжей-тегжейлі талқылау үшін зерттеу нәтижелерін негізге алуды тапсырды. Ведомство басшысы сондай-ақ кәмелет жасына толмағандардың заңды еңбегі және ата-аналарды оқыту бойынша алгоритмдерді жұмысқа орналастыру жөніндегі әзірленіп жатқан әдістемелік құралдарға қосуды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Израиль президентіне құттықтау жеделхатын жолдады