Жасыл дәліз: Қазақстанда онкологиялық көмектің жаңа цифрлық жүйесі енгізіледі

21.07.2026 14:43

ДСМ «жасыл дәліз» бойынша пациенттің маршрутын цифрлық бақылау жүйесін енгізіп жатыр

Аlmaty.tv

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық көмекті ұйымдастырудың жаңартылған стандартын енгізуде. Ол «жасыл дәліз» қағидаты бойынша пациенттің маршрутын цифрлық бақылауды көздейді. Жаңа тәсілдер диагностикадан өту, тексерілу және емдеуді бастау мерзімдерінің сақталуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Бұл онкологиялық ауруға күдігі бар пациенттерге медициналық көмектің уақтылы көрсетілуін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Министрлік мәліметінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – пациенттердің медициналық көмек алу тәртібін өзгерту емес, онкологиялық қызметтің тиімділігін арттыру, медициналық көмектің барлық кезеңінде сапаны бақылауды күшейту, маршруттау мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету және диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін күнделікті клиникалық тәжірибеге енгізу.

Негізгі жаңашылдықтардың бірі – пациенттің «жасыл дәліз» бойынша алғашқы онкологиялық күдіктен бастап диагноз қоюға, қажетті зерттеулерден өтуге, емдеу тактикасын айқындауға және мамандандырылған терапияны бастауға дейінгі барлық кезеңін цифрлық мониторинг арқылы бақылау болады. Бұл медициналық ұйымдарға ықтимал кідірістерді дер кезінде анықтауға, жедел басқарушылық шешімдер қабылдауға және медициналық көмекті көрсету мерзімдерінің бұзылу қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты (ҚазОРҒЗИ) Басқармасының төрағасы, Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас онкологы Ербол Бекмұхамбетовтің айтуынша, жаңартылған стандартты енгізу онкологиялық көмектің сапасын арттырудағы маңызды қадам болмақ.

«Пациент маршрутын цифрландыру медициналық көмектің әр кезеңінің ашықтығын қамтамасыз етуге, тексеру мен емдеу мерзімдерінің бұзылу жағдайларын уақтылы анықтауға, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде пациенттер қажетті медициналық көмекті жеделірек алады, ал денсаулық сақтау жүйесі онкологиялық қызметтің сапасын тиімдірек басқара алады», – деді Ербол Бекмұхамбетов.

Диагностика, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сәулелік терапия, хирургиялық көмек, оңалту және диспансерлік бақылаудың барлық түрлері бұрынғыдай мемлекет кепілдік берген тегін медициналық көмек шеңберінде тегін көрсетіледі.

  • Жаңартылған стандарт диагностика мен емдеудің негізгі кезеңдерінен өтудің бірыңғай мерзімдерін белгілейді:
  • 7 жұмыс күніне дейін – тіркелген жері бойынша емханада алғашқы зертханалық зерттеулерді, ультрадыбыстық және рентгенологиялық диагностиканы жүргізу;
  • 10 жұмыс күніне дейін – диагнозды растау немесе жоққа шығару үшін компьютерлік және магниттік-резонанстық томографияны, эндоскопиялық зерттеулер мен биопсияны жүргізу;
  • 20 жұмыс күніне дейін – аурудың сатысын анықтау және оңтайлы емдеу тактикасын таңдау үшін қажетті ПЭТ/КТ, иммуногистохимиялық және молекулалық-генетикалық зерттеулерді қоса алғанда, мамандандырылған зерттеулерді жүргізу;
  • диагноз расталғаннан кейін 30 жұмыс күніне дейін – мультидисциплинарлық консилиум өткізу, жекелендірілген емдеу тактикасын айқындау және түпкілікті емдеу жоспарын бекіту;
  • қосымша 5 жұмыс күніне дейін – онкология орталығынан 200 шақырымнан астам қашықтықта тұратын пациенттердің жол жүруін ұйымдастыруға және қажетті тексерулерден өтуіне беріледі.

Тағы бір маңызды өзгеріс – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің жаңа нормалары күшіне енеді. Оған сәйкес жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтік тексерулерден өту үшін жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталатын демалыс беруге, сондай-ақ профилактикалық тексерулерден өтуіне жәрдемдесуге міндетті болады. Бұл шаралар халықтың скринингтік бағдарламалармен қамтылуын арттырып, онкологиялық және басқа да әлеуметтік маңызы бар ауруларды ерте анықтауға ықпал етеді деп күтілуде.

Мемлекет жүргізіп отырған саясат бүгінде нақты нәтижелерін көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау үлесі 34%-дан асты, сәулелік терапияның қолжетімділігі 65%-ға жетті, пациенттердің бес жылдық өмір сүру көрсеткіші 65%-ға дейін өсті, сонымен қатар соңғы бес жылда қатерлі ісіктерден болатын өлім 14%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 62 жағдайды құрады.

Қазіргі таңда Қазақстанда онкологиялық аурулар бойынша диспансерлік есепте 251 мыңнан астам пациент тұр. Олардың жартысынан көбі – еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Жыл сайын елімізде қатерлі ісіктің 43 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда мұраға қалған дүние-мүлік үшін кімдер салық төлейді