Жасыл желекке оранған Алматы: шаһарда екі деңгейлі көгалдандыру жүйесі енгізіліп жатыр

Жыл соңына дейін тағы бір миллионнан астам түп отырғызу көзделген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жасыл желегі жайқалып, гүлмен көмкерілген Алматы». Бүгінде бұл сөз алып шаһардың екінші атауына айналған. Тұрғындар мегаполистің жасыл қорына қарап, Алматыға осындай жоғары баға беруде. Қазір қалада 4 миллионнан аса ағаш өсіп тұр. Ал биыл оған тағы бір миллионнан аса көшет қосылады,  деп хабарлайды  Аlmaty.tv тілшісі.

Мегаполистің жасыл қоры жыл сайын көбейіп келеді. Қазір Алматыда 4 миллионнан астам ағаш бар. Жыл соңына дейін тағы бір миллионнан астам түп отырғызу көзделген. Сонымен қатар гүлзарларға 400 мыңнан астам біржылдық және көпжылдық гүл егіледі.

Айта кетейік, көгалдандыру барысында заманауи тәсілдер де кеңінен қолданылып жатыр.

«Алматыда екі деңгейлі көгалдандыру жүйесіне кезең-кезеңімен көшіп жатырмыз. Магистральды көшелердің бойына буферлік аймақтарда бұталар отырғызылып, олардың үстіңгі қабатында ағаштар өседі. Бұл қала тұрғындары үшін қолайлы әрі жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Еуропа елдерінің тәжірибесін пайдаланып, шетелдік мамандардың да ұсыныстарын ескереміз», – деді Экология және қоршаған орта басқармасының бөлім басшысы Нұрлан Құтыбаев.

Көгалдандыру жұмыстары ең алдымен саябақтарда, гүлзарлар және орталық көшелерде жүргізіледі. Отырғызылған әрбір ағаш пен бұтаға тыңғылықты әрі тұрақты күтім көрсетіледі. Өсімдіктердің жақсы жерсінуі үшін биологиялық қоспалар қолданылады, ал тыңайтқыш беру жұмыстары тамшылатып суару жүйесі арқылы жүзеге асырылады.

«Соңғы уақытта қалада гүлдердің саны айтарлықтай артты. Ірі көшеттердің жерсіну көрсеткіші - шамамен 95 пайыз. Бұл – уақытылы суару мен ерекше күтімнің нәтижесі», – деді қоғамдық кеңес мүшесі Нұржан Жақыпов.

Жасыл желекке оранған Алматы тұрғындардың оң бағасын алып отыр. Олардың айтуынша, шаһар көркі күн сайын гүлденіп, алып баққа айналып келеді.

«Биыл Алматының жасыл қоры айтарлықтай көбейді. Қалада гүл де, ағаш та көп отырғызылып жатыр», – деді қала тұрғыны.

«Қала биыл ерекше құлпырып кетті. Жазда сая болатын орындар саны артқан, кешкі серуенге шығуға өте қолайлы», – деді қала тұрғыны.

Жұпар гүлмен көмкерілген қаланың жасыл қорын сақтау – әр тұрғынның маңызды міндеті. Ағаштарды заңсыз кескен, зақымдаған немесе түп тамырымен жұлып алғандар әкімшілік, ал кейбір жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұған қоса, шығынның орны жаңа ағаш отырғызу арқылы өтеледі. Жаза көлемі табиғатқа келген залалдың мөлшеріне байланысты белгіленеді.

Айдана Шалқар, Маржан Манапова, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі қаланың шағын өнеркәсіптік парктерінің жұмысын бағамдады