Арнайы комиссия құрылып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде
Ақтаудағы «ҚазАзот» компаниясында болған апаттан зардап шеккендердің біреуі жансақтау бөлімінде көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мамандардың мәліметіне сәйкес, жасанды аппарат арқылы тыныс алу кезінде жұмысшының қан қысымы бірден төмендеп кетіп, қайтыс болған. Ал тағы бір науқас амбулаторлық ем қабылдап жатыр. Өзге екі жәбірленуші Астана қаласына жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынған. Қазір аталған жазатайым оқиға бойынша Еңбек инспекциясы мен Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 18 шілдеде сағат 14:00 шамасында аталмыш мекеме аумағында жұмысшылар құбыр желісіндегі ақауды жойып жатып, газ кескіш құралын пайдаланған. Салдарынан тоннель ішінде газ-ауа қоспасы жарылды.
«Төрт жұмысшыны әртүрлі дәрежедегі күйік шалып, ауруханаға жеткізілді. Алған жарақат салдарынан 28 шілдеде 1 жұмысша ауруханада қайтыс болды. Қалғандарының жағдайы тұрақты, екеуі Астана қаласында ем алып жатыр. Жазатайым оқиғаның себептері арнайы тергеп-тексеру нәтижесінде анықталады», – деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы Бауыржан Кемалов.
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында атыс болып, төрт адам зардап шекті