Зауыттың зардабы: Өскемен іргесіндегі ауыл тұрғындары көк түтіннен көз аша алмай отыр

Кәсіпорын тұрғын үйден 50 шақырым жерде орналасқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өскемен іргесіндегі Новоявленка ауылының жұрты көк түтіннен көз аша алмай отырмыз деп шағымданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Жағдайымыз жергілікті биліктің назарына ілікпей тұр». Бұл – Өскемен маңындағы Новоявленка ауылы тұрғындарының назы. Мұнда 2 айдың ішінде бүтін бір зауыт іске қосылған. Көпшіліктің айтуынша, бұл туралы мемлекеттік органдар хабарсыз. Ал кәсіпорын жұмысының салдарынан ауыл тұрғыны Любовь Горбатовская демікпесі асқынғанын айтты.

«Менің демікпем бар. Ал терең тыныстау үшін тіпті тереземді аша алмаймын. Күндіз де, түнде де жағдай – осы. Оларға кімнің рұқсат бергенін білмеймін?» – деді Новоявленка ауылының тұрғыны Любовь Горбатовская.

Мәселенің жай-жапсарын анықтау үшін жұрт жауаптыларға талай барған. Көпшілік «әкімдік, экология департаменті мен қала құрылысын бақылау басқармасына талап-арызымызды айттық, алайда тиісті жауап ала алмадық» дейді. Ал кәсіпорын өкілдері тұрғындар келісімін бергенін алға тартады.

«Олар мұнда зауыт салуға бұрынғы тұрғындардың рұқсат бергенін айтты. Ал негізі нағыз осы жерде туып-өскен азаматтар – біз. Бірақ бізге ешкім келіп, зауыт саламыз деп айтпады», – деді Новоявленка ауылының тұрғыны Айжан Серікбаева.

Санитарлық және экологиялық нормаларға сәйкес, кәсіпорын тұрғын үйден кем дегенде 500 шақырым жерде орналасуы тиіс. Ал мұндағы қашықтық шамамен 50 километр ғана болады.

«Кәсіпорындар жұмысқа кіріспей тұрып, Экологиялық кодекстің 68-бабына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға, Экология департаментіне жоспарланған қызмет туралы өтініш білдіруі керек. Тиісінше, соған қатысты қоғамдық тыңдаулар өтеді», – деді Экология департаментінің аға экологиялық мемлекеттік инспекторы Меруерт Жарлығасымова.

Алайда бұл кәсіпорын мұндай рәсімдерді жүргізбеген. Жағдайды түсіндіруден де бас тартты. Енді компания мемлекеттік органдардың алдында жауап бермек.

 «Бізге тұрғындардан осыған қатысты хабарлама келді.

Айта кетейік, әкімдік аталған нысанға қатысты құрылыс жұмыстарын жүргізуге келісім берген жоқ. Осыған байланысты қала әкімінің тапсырмасы бойынша тексеру жүргізу үшін материалдар тиісті органдарға жіберілді», – деді Өскемен қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Азат Қасымов.

Экологтар да тиісті тексеріс болатынын айтты. Егер құрылыстың заңсыз екені дәлелденсе, компания қомақты айыппұл арқалап, жұмысын тоқтатады.

Гүлмарал Изатқызы, Руслан Мухамедьяров, ШҚО

Оқи отырыңыз: Қоқыс полигонындағы ірі өрт: Алатау қаласында төтенше жағдай жарияланды

Новости партнеров