Сотта бірінші болып сөз алған 22 жастағы марқұм қыздың анасы сол күнді еске түсіріп, көзіне жас алды
Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік жол апатында қаза тапқан жандардың жақындары сотта күтпеген мәлімдеме жасады. Қара жамылған отбасы мүшелері айыпталушыны кешіретіндерін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Бүгін Алматыдағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қоғам назарындағы атышулы істің басты талқылауы өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Сотта бірінші болып сөз алған 22 жастағы марқұм қыздың анасы сол күнді еске түсіріп, көзіне жас алды. Оның кейде такси қызметінде жүріп, нәпақа табатынын айтты. Қайғылы жағдай болған күні қызы таңертең үйіне келіп, автонесие төлеу үшін қайта жұмысқа шығуға мәжбүр болған. Түн ортасы ауғанда перзентінің кешіккеніне алаңдап, анасы бейнеқоңырау шалған. Сонда марқұм көлікте жолаушылар отырғанын айтып, жақын арада қайтатынын жеткізген. Арада бірнеше сағат өткенде отбасы қаралы хабар алған.
«Таңертең жолдасыма «қызыңыз қайтыс болды, тез жетіңіздер» деп хабарласты. Біз Шамалғаннан асығыс шықтық. Жол бойы «мүмкін ауруханада жатқан шығар» деп үміттеніп келдім. Бірақ мәйітханаға кіргенде қызымды көрдім… Денесі адам танымастай күйде, бөлініп жатты», – деді марқұмның анасы.
Марқұмның анасы сөз соңында айыпталушыны кешіретінін айтты. Қара жамылған отбасы күдіктінің кінәсін толық мойындап, өкініш білдіргенін және моральдық, материалдық шығынды өтегенін алға тартты. «Жаза менің қызымды қайтармайды» деген ананың сөзін тағы бір марқұмның туысы қолдап, айыпталушыға кешірім беретінін жеткізді. Жол апатында қаза тапқан үшінші марқұмның жақындары бұл жолы сотта пікір білдірген жоқ.
«Ол кінәсін мойындады, кешірім сұрады. Қызымыздың жаны тыныш болсын дедік. Сол үшін кешірдік. Оның жазасы баламды қайтармайды. Оны қара жерге көмдік. Жаны жай тапсын. Ештеңе сұрамаймын», – деді марқұмның анасы.
Сот барысында жәбірленуші тараптың қорғаушысы Олег Чернов мұндай істерде тараптардың татуласуы жиі болатынын айтты. Соған қарамастан, заңда мұндай санаттағы қылмыстарға балама жаза қарастырылмаған.
«Ең басында журналистерге сұхбат бергенде айтып едім, осындай істерде тараптар келісімге келеді. Өйткені қылмыстың бұл түрі қасақана емес, абайсызда жасалған деп сараланады. Бірақ айта кетерлігі, қозғалған бап альтернативті жаза қолдануды қарастырмайды. Яғни, онда тек 7-ден 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл – менің пікірім», – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы Олег Чернов.
Сот отырысында прокурор оқыған айыптау актіне сай, күдікті өз кінәсін толық мойындап отыр.
Айта кетейік, сотталушыға Қылмыстық кодекстің 345/1-бабы 4-бөлігі бойынша айып тағылған. Тергеу мәліметіне сәйкес, ол мас күйде көлік басқарып, жол оқиғасына себепкер болған. Ендігі сот процесі 4-маусымда өтеді.
Әйкерім Пернебек, Аида Иманәлі, Ялкунжан Әшімжанов
Оқи отырыңыз: Химиялық өңдеу жасалмайды: әкімдік тұрғындар сауалына жауап берді