Зейнетақы қорындағы ақша: Атырауда кәсіпкерлер тергеу ісіне наразылық білдірді

13.10.2025 21:39

Аймақтағы барлық стомотологиялық клиникаларға бақылау күшейген

Атырауда кәсіпкерлер қаржы мониторинг агенттігінің тергеп-тексеру жұмыстарына наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Шағымданушылар зейнетақы қорындағы қолды болған қаражат үшін өзге тіс емханаларының басшылары мен қызметкерлері зардап шекпеуі тиіс деп санайды. Қазір аймақтағы барлық стомотологиялық клиникаларға бақылау күшейген. Салдарынан кейбір тіс емханаларының жұмысы тоқтап тұр.

«Зейнетақы қорындағы ақша – азаматтардың еңбегімен жинаған үлесі. Оны пайдалануға мемлекет мүмкіндік ашып беріп отыр. Азаматтар сол мүмкіндікті пайдаланып отыр. Тыйым салмау керек. Істі қазір қарап жатырмыз», – деді қорғаушы Айдос Кенжебеков.

 «Інімнің баласын алып қалады. Менің де баламның телефонын, машинасын алып, қамап қояды. Ол кәсіппен айналысады. Ақшаны қайдан, қалай алғанын жайлы құжат сұратады. Қай жерде ондай заң бар? Жазықсыздан жазықсыз көліктерін алып кетті», – деді қала тұрғыны Амандық Иманбаев.

Қазір қаржы мониторинг агенттігі тергеуге қатысты жақ ашпай отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі өкілдері мен прокурорлар 5 қылмыстық топты құрықтаған. Ұйымдастырушылар жалған құжат арқылы Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа да қалада орналасқан деген желеумен 30-дан астам стоматологиялық клиниканы пайдаланған.

 «Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», – деді ҚР ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отрыңыз: «Өлімші етіп сабаған: ұлының денсаулығына алаңдаған ана жабылып ұрғандарды жазалауды талап етті