Халықтың берген өтініші мен төлемдер жүйеде анық көрініп, барлық процесс ашық әрі түсінікті болады
Елімізде зейнетақы шотындағы артық ақшаны емге пайдалануға қайтадан рұқсат етіледі. Қазір процесті толығымен цифрландыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Үкіметте өткен брифинге «Отбасы банк» төрайымы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сөзінше, банк Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп тығыз жұмыстар атқарып жатыр. Нәтижесінде олардың электронды жүйелері қосылып, барлық қызмет онлайн рәсімделеді. Халықтың берген өтініші мен төлемдер жүйеде анық көрініп, барлық процесс ашық әрі түсінікті болады. Ләззат Ибрагимова қаражатты пайдалануды қайта бастау үшінші, төртінші тоқсанға жоспарланғанын айтты.
Еске сала кетейін, былтыр Үкімет зейнетақы жинағын емдеуге пайдалануды тоқтатқан.
«Біздің міндетіміз – бұл қызметті қолжетімді, сонымен қатар толығымен ашық әрі түсінікті ету. Өкінішке қарай, осы мүмкіндікті мақсатсыз пайдаланғандардың кесірінен азаматтардың 90 пайызы бұл функциядан айырылып қалды. Менің ойымша, бұл әділетсіз. Сондықтан қазір біз бұл процесті толығымен цифрландыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Жоспар бойынша 2026 жылдың соңына дейін стоматологиялық клиникалар мен басқа да медициналық ұйымдар қатысатын жүйе іске қосылады», – деді «Отбасы банк» ақ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Оқи отырыңыз: «Наурыз» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталды