Жеке деректерді ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

08.04.2026 14:39

Олар абоненттерге жаппай жалған хабарламалар жіберіліп отырған

Елде азаматтардың жеке деректері мен банк қаражатын ұрлаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тергеу барысында белгілі болғандай, күдіктілер ұялы байланыс операторларының базалық стансаларының жұмысын имитациялайтын арнайы SMS-бластерді пайдаланып, жалған хабарламалар таратып келген. Аталған құрылғы 300 метр радиуста күшті сигнал таратып, жақын маңдағы телефондардың автоматты түрде соған қосылуына мүмкіндік берген. Соның нәтижесінде абоненттерге жаппай жалған хабарламалар жіберіліп отырыпты. Онда бонустарды айырбастау немесе тиімді ұсыныстар алу сылтауымен азаматтарды арнайы сілтемелерге өтуге шақырған. Кейін пайдаланушылар фишингтік сайттарға кіріп, тауар таңдап, өздерінің жеке деректерін енгізген. Олардың қатарында телефон нөмірі, аты-жөні, банк картасының нөмірі, CVV-код және SMS арқылы келген растау кодтары бар. Осылайша, алаяқтар азаматтардың қаржылық мәліметтеріне қол жеткізген.

«Ауқымды кеңейту және жасырын әрекет ету мақсатында жабдық автокөліктерге орнатылып, қозғалыс барысында, негізінен адамдар көп шоғырланатын орындарда – базарларда және сауда-ойын-сауық орталықтарының маңында пайдаланылған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыстық топ схеманы жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде анықталып, ұсталды. Бұл азаматтардың ауқымды алдануы мен елеулі қаржылық шығындарының алдын алуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта төрт күдікті ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», деді Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Жалған инвестициядан сақ болыңыз: полиция азаматтарға үндеу жасады