Вице-министрдің айтуынша, құжаттарды қараумен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер айналысып жатыр
Қазақстанда балаларды жатын орынмен қамтитын жекеменшік жазғы лагерьлер осы айдың соңына дейін міндетті лицензиядан өтуі қажет. Бұл туралы Мәжілісте өткен брифингіде Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Вице-министрдің айтуынша, құжаттарды қараумен білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер айналысып жатыр. Лагерь басшылығы лицензияға жүгінбес бұрын санитарлық қызметтердің, ТЖМ және өзге де құзырлы органдардың рұқсат қағазын алуы шарт.
Алайда Шынар Ақпарова құжаттары қаралып жатқан лагерьлердің уақытша жұмыс істей тұруына мүмкіндік бар екенін нақтылады.
"Құқықтық актілер туралы заңға сәйкес, олар өтінішті дәл осы қосымша заңнамалық актілер заңды күшіне енгеннен кейін береді. Бүгінде бұл нормативтік-құқықтық акт қабылданды. Енді заңда олардың құжаттары қаралып жатқан кезеңде өз қызметін 6 айға дейін жүзеге асыра алатыны жазылған. Қазір бұл салада қызмет көрсетіп жатқандар маусымның соңына дейін лицензия алуға тиіс", – деп түсіндірді вице-министр.
Сонымен қатар ведомство өкілі бұл талаптың барлық демалыс орындарына қатысты емес екенін айтты.
"Білім беру-сауықтыру қызметін көрсететін қосымша білім беру ұйымдарына лицензиялау енгізілді. Бізде басқа да, мысалы, мектеп жанындағы лагерьлер бар, олар лицензиялауға жатпайды. Сондықтан ұйымдардың барлығы бірдей лицензияланбайды", – деді ол.
Министрліктің ескертуінше, заңды талапты орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
"Біздің балалар сауықтыру орталықтарымыз кезең-кезеңімен ашылып жатыр. Егер маусымның соңына дейін олар лицензия алмаса, бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес лицензиясыз қызмет көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", – деді Шынар Ақпарова.
Оқи отырыңыз: Министрлік әлеуетті ЖІӨ-нің есептеу әдістемесін бекітті