Жел және күн электр стансаларына қажетті қосалқы бөлшектер Қазақстанда шығарылады

28.01.2026 19:30

Үкімет бұл мәселені шешу үшін Қытай қаржысына үш ірі жел және күн электр стансаларын салмақшы

Елімізде үш ірі жел және күн электр стансалары салынады. Нысандар Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында бой көтереді. Олардың жалпы қуаты 1800 гигаватт болады. Төменгі палата тиісті құжатты қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстанның энергетикалық жүйесі күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Елімізде электр энергиясына деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Ал кей өңірлерде таңғы және кешкі уақыттарда қуат тіпті жетіспей қалады. Үкімет бұл мәселені шешу үшін Қытай қаржысына үш ірі жел және күн электр стансаларын салмақшы. Қарағанды, Түркістан және Павлодар облыстарында бой көтеретін жобалардың құны 2,2 миллиард доллар. Көрші елмен арадағы келісімді Мәжіліске Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов таныстырды.

«Бұл өңірлердің таңдалуы жел және күн ресурстарының жоғары әлеуетімен, сондай-ақ жаңа генерациялайтын қуаттарды Қазақстан республикасының Бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне интеграциялау мүмкіндігінің болуымен негізделген. Барлық жобалар қажетті энергетикалық инфрақұрылымды құруды, оның ішінде электр желілеріне қосылу объектілерін салуды және электр энергиясын жинақтау жүйелерін енгізуді көздейді», – деді ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов.

Үш өңірде құрылысы басталатын нысандардың жалпы қуаты 1800 гигаватт болады. Павлодар облысында бой көтеретін жел электр стансасы Орталық Азиядағы ең ірі жел энергетикасы жобаларының бірі болмақ. Оның қуаты 1000 мегаватт. Ал Қарағанды облысында салынатын нысанның қуаты 500 мегаватт болса, Түркістан облысындағы күн электр стансасының қуаты 300 мегаватт болады. Сөз арасында министр Ақкенженов құрылысқа қажетті қосалқы бөлшектер Қазақстанда шығарылатынын жеткізді.

 «Жыл сайын 5,7 миллиард  киловатт сағаттан астам «жасыл» электр энергиясы өндіріледі. Ал көмірқышқыл газының шығарындылары едәуір қысқарады. Сонымен қатар жобалар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымның жаңаруына және заманауи технологиялардың келуіне серпін береді», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.

Депутаттар министрден Қазақстандық компаниялар электр стансаларының құрылысына қатыса ма деп тіке сұрады. Ерлан Ақкенженов бұл жұмысқа  жергілікті компаниялар да, жерлестеріміз де жұмылдырылатынын жеткізді. Ол екі мыңға жуық қазақстандық уақытша, ал екі жүзден астам адам тұрақты жұмысқа орналасады деп сендірді.

Айта кетейік, отырысқа қатысқан 95 депутаттың біреуі келісімге мүлдем дауыс берген жоқ. Ал біреуі қалыс қалды. Қалғандары бірауыздан қолдап, құжатты Сенатқа жолдады.

Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астанадан