Пианист Нұргүл Нүсіпжанова өзінің Алматыдағы музыка мектебінен бастап, халықаралық байқаулардағы жеңісі мен әлемдік сахналардағы өнер жолын баяндайды
Almaty.TV «Жеңімпаз ұлт» айдары аясындағы алғашқы арнайы репортажды ұсынады. Бұл шығарылым халықаралық байқаулардың лауреаты, педагог және шығармашылығы Қазақстаннан тыс жерлерде де кеңінен танылған музыкант Нұргүл Нүсіпжанованың өмір жолына арналған. Материалда оның жетістікке жету жолы, шәкірттерімен жұмысы және биік нәтижелерге жетуге көмектесетін ұстанымы айтылады.
Нұргүл Нүсіпжанова әлемнің ең ірі мәдени орталықтарында өнер көрсетті. Париж, Лондон, Нью-Йорк — оның есімі беделді халықаралық алаңдарға кеңінен танымал. Алайда бұл жетістік жолы Алматыдан, музыка мектебінен, күнделікті сабақтар мен бір күні үлкен сахнаға шығуды армандаған мақсаттан басталды.
Оның мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі — Париждегі Николай Рубинштейн атындағы халықаралық байқау. 2012 жылы Нұргүл Нүсіпжанова бұл байқауда бірінші жүлдені жеңіп алды. Кейін Еуропа мен АҚШ-тың концерт залдарында, соның ішінде Нью-Йорктегі әйгілі Карнеги-холлда және Лондон сахнасында өнер көрсетті.
«Наурыз айы еді, ауа райы суық болатын, ауырып қалдым. Бірінші орын алғанымды бірден түсіне де қоймадым. Қандай да бір эйфория болған жоқ, тек қойылған міндетті орындағаным үшін бойымды жеңілдік биледі. Мұның бәрін кейін Парижде көше кезіп келе жатып сезіндім, айналадағы ешкім білмесе де, дәл бүгін осы жерде мен өз жеңіске жеттім», — деп еске алады Нұргүл Нүсіпжанова.
Бүгін оның жанында шәкірттері рояль қасында отыр. Музыкант ұстаздық қызметке үлкен мән береді және орындаушылық шеберлік тек техника арқылы ғана емес, музыканы терең түсіну арқылы қалыптасады деп есептейді. Оның айтуынша, қате жасаудан қорықпай, ноталардың ар жағындағы тереңірек мағынаны ести білу маңызды.
Нұргүл Нүсіпжанованың шәкірті Инесса Куджанова сабақта жауапкершілік пен тәртіпті талап ететінін атап өтті.
«Ол әр сабақты жұмсақ әрі ұқыпты өткізеді, ләззат аламын, бірақ әрбір сабақ мен үшін нағыз сынаққа айналады. Бір сағаттық жұмыстан кейін өзімді спорт залынан шыққандай сезінемін», — дейді Инесса Куджанова.
Пианистің өмірінен Күләш Байсейітова атындағы музыкалық мектептің алатын орны ерекше. Оның кәсіби жолы дәл осы жерден басталды. Кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында білім алып, халықаралық байқауларға қатысып, әлемдік сахналарда өнер көрсетті. Бүгін ол өз мектебінің қабырғасына қалыптасқан музыкант ретінде қайта оралып отыр.
«Мен музыканттар отбасында дүниеге келдім. Кішкентайымнан маған ешқандай шектеу қойылмады. Қандай мамандық таңдасам да ата-анам келісер еді. Алайда өнерлі ортаның ықпалы болса керек, рояльға қатты қызығушылық таныттым. Маған профессор Гүлжан Өзенбаевадан білім алу бақыты бұйырды. Ол менің бойымдағы қабілеті аша білді. Ол кісінің дәрісінен шыққан соң қанаттанып, үйге барғанда қайтадан рояльде жаттығуға асығатынмын», — дейді Нұргүл Нүсіпжанова.
Музыкадан бөлек, пианистің өмірінде спорт маңызды орын алады. Бос уақытын белсенді өткізуге тырысады, жүгірумен тұрақты айналысады және физикалық белсенділікті кәсіби дайындықтың маңызды бөлігі деп санайды. Оның айтуынша, спорт ішкі тәртіпті сақтауға, қажырлы жұмыстан кейін қалпына келуге және бапта болуға көмектеседі.
Нұргүл Нүсіпжанованың өмір жолы үлкен жетістіктер күнделікті еңбек, табандылық пен таңдалған іске адалдықтан құралатынын көрсетеді. Оның жолы — талант пен табандылық, тәртіптің үйлесуі халықаралық деңгейде табысқа жетуге және жаңа буын музыканттарын шабыттандыруға көмектесетін үлгі.