Жер-Ана тынысы: Алматыда ұлттық әуен жаңа сипатта орындалды

10.04.2026 18:37

Жоба авторы қазақтың көне әндерін қайта жаңғыртып, оларды заманауи музыкалық бағытпен үйлестіруге тырысқан

Алматыда қазақ музыкасының өткенін бүгінмен үндестірген ерекше жоба таныстырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Абай атындағы Опера және балет театрында өткен кеште ұлттық әуен жаңа сипатта естілді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Зарина Алтынбаева «Жер-Ана тынысы» деп аталатын жаңа альбомын көпшілікке ұсынды. Жоба авторы қазақтың көне әндерін қайта жаңғыртып, оларды заманауи музыкалық бағытпен үйлестіруге тырысқан.

«Бұл концертті  туған жеріме арнаймын. Сондықтан да бұл альбомды «Жер-Ана тынысы» деп атадық. Бұл еңбек қазақтың классикалық музыкасына, заманауи композиторлардың әуендеріне негізделген», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Зарина Алтынбаева.

Альбомға енген шығармалардың қатарында халық әндері, ұлттық классика және қазіргі композиторлардың туындылары бар. Бұл – әр дәуірдің үнін бір арнаға тоғыстырған жоба. Ал Зарина Алтынбаеваның ұстазы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Шахимардан Әбілевтің айтуынша, опера әншісінің бойындағы талант әлі де талайдың таңдайын қақтырары хақ.

«Қазақтың өнерін, оның тілін Зарина секілді азаматтар көрсетіп жатыр. Ол еңбекқор, опера өнерінде емес, концерттерді көп береді. Өзі сондай ынталы, өзі ұйымдастырады»,  – деді ҚР Халық әртісі Шахимардан Әбілев.

Музыкалық кешке шетелдік меймандар да қатысып, әр нөмірден кейін ұзақ шапалақ соғылып жатты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – тек музыкалық жинақ емес, ұлттық жадыны жаңғыртатын рухани еңбек. Сондықтан мұндай жоба жас тыңдарманға қазақ музыкасын жаңа қырынан таныстыруға мүмкіндік береді.

Гүлмарал Изатқызы, Жақсылық Тілепберген

Оқи отырыңыз: Поляк фотографтары Алматыны әлемге объектив арқылы паш етіп жүр