Жетісу облысында 4 бала суға батып, көз жұмды

30.06.2026 20:11

 Құтқарушылар ата-аналарды арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға шақырды

Жетісу облысында демалыс күндері 4 бала суға кетіп, қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиғалардың барлығы жеткіншектер қараусыз қалғандықтан болған. Алғашқы жағдай Кербұлақ ауданында тіркелген. Тоғыз және он бір жастағы екі қыз өз бетімен Аралтөбе көліне барған. Іздестіру жұмыстары барысында олардың денесі судан табылды.

Тағы бір қайғылы оқиға Қаратал ауданындағы Үштөбе маңында болды. Өзен жағасында демалып отырған отбасы 2 жастағы баланы қараусыз қалдырған. Сәбиді өзеннің ағысы алып кеткен.

Үшінші жағдай Балқаш көлінің жабайы жағажайында тіркелді. Мұнда да үш жастағы бала суға ағып кеткен. Құтқарушылар ата-аналарды су айдындарында қауіпсіздік шараларын жіті қадағалап, арнайы жабдықталған жағажайларда ғана шомылуға шақырды.

Оқи отырыңыз: Абай облысында көл жағасындағы қамыс пен құрғақ шөп өртеніп жатыр