Жетісу облысында азаматтарды бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ сотталды

13.02.2026 11:34

9 адамнан тұратын топ құрбандарын әлеуметік желі арқылы іздеп тауып отырған

Аlmaty.tv

Жетісу облысының прокуратурасы сотта ұзақ уақыт бойы психологиялық қысым мен бопсалау әдістерін қолдана отырып қылмыс жасаған адамдар тобының кінәсін дәлелдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ведомство мәліметінше, 2024 жылғы мамырдан 2025 жылғы наурызға дейін өңір аумағында азаматтарды бопсалаумен айналысқан топ әрекет еткен. Қаскүнемдер әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы жәбірленушілердің сеніміне кіріп, кейін түрлі сылтаулармен оларды өз үйлеріне шақырған.

"Қылмыстық схема психологиялық қысым мен манипуляцияға негізделіп, жәбірленушілерді жалған түрде «зорлау фактісі бойынша полицияға арыз береміз» деп қорқыту арқылы жүзеге асырылған. «Мәселені реттеу» үшін олардан ірі көлемде ақша талап еткен. Азаматтар алдын ала бөлінген рөлдер бойынша әрекет еткен адамдар тарапынан қатты қысымға ұшыраған", - делінген прокуратура хабарламасында.

Құқыққа қайшы жүйе анықталғаннан кейін аталған тұлғалар ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Оның нәтижелері бойынша қылмыстық іс сотқа жолданды.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы тағылған айыптың негізділігін дәлелдеп, ұсынылған дәлелдемелерге құқықтық баға берді.

2026 жылғы 30 қаңтарда Талдықорған қалалық сотының үкімімен аталған адамдар ҚР ҚК-нің 194-бабы 2-бөлігінің 1), 2) және 3)тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Оқи отырыңыз: Есірткі таратқан интернет-дүкеннің қызметі тоқтатылды - ІІМ